ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУДЫҢ 53 ФАКТІСІН АНЫҚТАДЫ

200

Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасы аясында, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді.

Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижесінде жедел уәкілдер мен табиғатты қорғау инспекциясы бірлесіп, ағымдағы жылдың 19 маусымынан бастап Түркістан облысының аумағында жер қойнауын заңсыз тасымалдау мен пайдаланудың 53 фактісін анықтады. Айыптұраққа 20-дан астам автокөлік пен экскаватор-тиегіш қойылды.

Мысалы полицейлер Сауран ауданында қиыршық тас пен құм тасымалдауға құжаттары жоқ жүргізушілердің шамамен 10 жүк көлігін анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабы (жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Ал автокөліктер айыптұраққа қойылды.

Аталмыш құқық бұзушылықтарға қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне жолданды. Полицейлер атап өткендей, жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтауға және жолын кесуге бағытталған алдын алу шаралары үдіксіз жалғасады.