“ШЫМКЕНТ ӨМІР СҮРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА…”

216

Шымкент өмір сүруге қолайлы қала. Оны жалпақ жұрт жақсы біледі. Сол себепті де шығар Шымкентте халық саны жыл сайын артып келеді. Бала туымы да, көшіп келушілер де көп. Бұл үшінші мегаполисте тұрғын үй сұранысын арттырып отыр. Тұрғын үй құрылысы тоқтаусыз жүруде. Баспана мәселесін оңтайландыруда оңды қадамдар жасалуда. Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Өтебаева Жанат Өмірсейітқызымен сұхбаттасқан едік.

Баспаналы болу елімізде өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Жалпы халықты тұрғын үймен қамту шаралары қалай жүзеге асып жатыр?

2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында:
— 324 пәтер- арендалық; (кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге)
— 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға;
-1732 пәтер жыл басында несиелік негізде қамту жоспарланған. Оның ішінде: қазіргі таңда 753 азамат ипотекалық негізде баспаналы болды. («5-20-25» бойынша 452 пәтер, «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша 230 пәтер, «Шаңырақ» — 71.)

Халықтың көпшілігі арендалық тұрғын үймен ипотекалық бағытты шатастырып жатады. Жалпы осының ара жігін айқындап өтіңізші.
Тұрғын үй басқармасы мен жалдаушы азамат арасында келісім шарт жасасады жылдар бойы үйдің шаршы метріне қарай (2022 жылғы көрсеткіш бойынша) 8 мың мен 18 мың аралығында төлем төлеп отырады. Алайда арендалық тұрғын үйлердің сатып алу құқығы жоқ. Сондай ақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сатып алу құқығымен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылған. Яғни кезекке тіркелген азаматтар төлем қабілеттігіне қарай аредалық баспананы жылдар бойы күтпестен Шаңырақ, Бақытты отбасы, 5-25-25 сияқты сатып алу құқығы бар ипотекалық үйлердің конкурстарына қатыса алады. Бұл бағдарлама Отбасы банк арқылы жүзеге асырылады.

Жастар — еліміздің ертеңі. Қазіргі таңда жастарды қолдау мақсатында оның ішінде олардың баспанамен қамтылуы үшін қандай шаралар жүзеге асрылып жатыр?

Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына кіреді. 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, бұдан былай 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ.
Сонымен қатар тағы бір айта кетерлік жәйт, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуі болу және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс.
Жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 азамат қоныс тойын тойлаған. Биылғы жылы 888 жас арендалық баспанамен қамтылу көзделген. Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды порталы арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісім-шартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланатын болады.

Биыл алғаш іске асқалы отрыған «Qamqor» бағдарламасы кімдерге шарапатын тигізеді?

Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған бағдарлама. Биыл Шымкенттік тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешуде «Qamqor» бағдарламасы іске қосылмақ. «Qamqor» бағдарламасы Шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.
Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна- 10%, жылдық мөлшерлеме-5%.
«Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді. Сондай ақ «Qamqor» бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеудің болуы тиіс.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болғысы келетін азаматтар үшін қандай да бір жеңілдіктер немесе әлеуметтік көмек қарастырылған ба?

2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда, 145 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. (оның ішінде: толық емес отбасылар – 13, көп балалы отбасылар – 60, ерекше бала асыраушы отбасылар-68, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер – 4).
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасыға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.

Қаланың көркін келтіретін ол сәулім ғимараттар екені анық. Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан ескірген тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу биылда жүзеге асырала ма?

Көп қабатты тұрғын үйлерді жөңдеу бойынша 2022 жылы – 60 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2023 жылға – 40 үйді жөндеуден өткізу жоспарда.
2023 жылға қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда. Аудандық әкімдіктер тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 13 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық – экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған. Қайтарымды қаржыны азаматтар үшін толық жұмсалған шығындарды жылдар бойы бөліп төлеу жеңілдігі қарастырылған. Тұрғын үйлердегі ескіріп істен шыққан жеделсатылар бүгінде физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Техникалық сараптама жүргізуші мамандар бұл істен шыққан жеделсаты модель түрлерін өндіретін өндіріс 25 жылдан астам уақыт бұрын өз жұмысын тоқтатқандығын айтады. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, тетіктер мен механизмдері нарықтан жойылған. Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру мәселесі лифттің қауіпсіз жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Осыған сәйкес сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша лифтілерді одан әрі пайдалануға рұқсат етілмейді. Яғни лифттерді толығымен ауыстыру қажеттігі анықталып отыр.

Тұрғын үй субсидиясына кімдер қатыса алады?

Тұрғын үй субсидиясы пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында (2022 жылы-458 ) 2023 жылы 433 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде.Қазіргі таңда тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасуда.
Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына келесі төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар қатыса алатынын естеріңізге саламыз:
1. 1 және 2 топтағы мүгедектер;
2. мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3. жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
4. көп балалы отбасылар.

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауы тиіс.

Субсидия алуға үміткер депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады.
Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.

Тұрғын үй кезегінде қанша азамат тіркелген? Жалпы тұрғын үй кезегіне қатысты қызметтер қалай жүзеге асырылады?

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 50 167 азамат тіркелген, оның ішінде:
— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 1 990;
— көпбалалы отбасылар – 10 851;
— халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 434;
— мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19864;
— жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 28.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметі республика бойынша kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асады.
Сондай-ақ, kezekte.kz электрондық порталының кезектілік серпіні ашық (прозрачный) түрде жүргізіледі және кез келген қызметті алушы кезекте тұрған, тұрғын үймен қамтылған азаматтар туралы мәліметтерді көруге және өз кезегінің жылжу ретін толық көруге мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының шешімімен үй бөлінген азаматтар тізімі ресми сайттарда жарияланады. Заңға сәйкес тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға арендалық баспаналар кезек реті бойынша беріледі.

Айта кету керек, 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша 2881 пәтер берілген болса, оның шінде:
748 пәтер- кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға;
857 пәтер — жұмыс істеп жүрген жастарға табысталған болатын.
1276 пәтер — «Отбасыбанк» АҚ-ы арқылы «2-10-20Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде берілді.

Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ерсұлтан Әмірбек
Журналист