ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ МАЛ СОЮ ОРЫНДАРЫ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ

112
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары жаппай тексерілуде. Құрылған жұмыс тобы малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған үшеуі жабылатын болды. Қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.
Осыған дейін Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкерлерімен кездескен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал сою орындарының жұмысын қатаң сынға алып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Әкім тарапынан заңсыздықты жойып, ауылдан алыс аумақта зауыттар ашу бойынша ұсыныстар берілді. Кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен мал сою орындарынан шыққан қанды төгетін Беккари шұңқырын дайындап, инсинератор пештерін орналастыратын болды.
Мәселені түбегейлі шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлерге мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салуды ұсынды. Төрт түліктің жүні мен терісін қайта өңдеу және кәдеге жарату туралы жобаларды қолға алуды айтты. Бүгін облыс әкімімен кездесу келген сайрамдық кәсіпкерлер бірнеше ірі жобамен таныстырды. Сайрамда ірі кәсіпорындар бой көтереді. Ауданда 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталады. Сондай-ақ ет өнімдерін және малдың қалдықтарын терең өңдейтін зауыт салынады.
Облыс әкімі жергілікті инвестор-кәсіпкерлерге белсенді болу керектігін ескертті.
– Көршілес елден малдың қалдығын терең өңдейтін зауыт ашу жөнінде ұсыныспен келіп жатқан инвесторлар бар. Бірақ біз алдымен жергілікті кәсіпкерлерге, сіздердің жобаларыңызға қолдау көрсетеміз. Зауытты өзіміздің азаматтар салғаны тиімді. Алайда бізге нақты жоспар, жұмыстың орындалу мерзімі қажет. Жобаны жүзеге асырудың кезең-кезеңі бойынша мәлімет болуы тиіс. Бүгін сіздер айтқан ұсыныстар зерделенеді. Жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру – мақсатымыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кәсіпкерлер ірі малдың қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт құрылысына, құрама жем өңдеу зауыты мен жеміс-көкөністі қайта өңдеп, жылына 20 мың тонна томат пастасын, кетчуп және жеміс шырынын шығаратын өндіріс орнының құрылысына мемлекеттен жеңілдетілген несие сұрады. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына кәсіпкерлерді қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті сүйемелдеуді жүктеді.
Сайрам ауданының Қарабұлақ ауыл округінде екі мал базары бар. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады.