ТҮРКІСТАН: МАҚТА САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАР ШЕШІМІН ТАБУДА

261

Түркістан облысы климаты жылы болғандықтан ірі өндірістік кәсіпорындарға қарағанда ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған аймақ. Соның ішінде ақ алқапты мақтаның орны бөлек. Жалпы, оңтүстікте мақта шаруашылығымен айналысатындар саны 25 мыңнан асып жығылады.

Мақта мәселесі жыл он екі ай күн тәртібінен түскен емес. Бағаны көтеру, субсидия беру, терең өңдеу кәсіпорындарын ашу сынды шаруалардың ұсыныс-тілектері облыс әкімдігінің басты назарында. Шаруалардың жағдайларын жақсарту және мақта класстерін дамыту мәселелері бойынша әкімдік тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда және өткен жылғы жағдайлардың биыл қайталанбауы үшін не істеу қажет? Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мақташылармен жиын өткізді.

Ермек Кенжеханұлының сөзінше, мемлекет тарапынан еліміздің аграрлық саласын дамытуға орасан зор жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.

«Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 6,5 млрд. теңге қаржы қарастырылып, облысқа тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан 71,1 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізіледі. Бүгінгі күнде 3,3 млрд теңге субсидия төленіп, 4 650 агроқұрылым мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл ретте өткен жылы мақта шаруашылықтарына 2,4 млрд. теңге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, биылғы жарты жылдықта 3,0 млрд. теңге қаржы төленген.

Сатып алынған пестицидтердің құнын субсидиялауға облыстық бюджеттен 372,0 млн. теңге қаржы қаралып, мақта шаруашылықтарына 200,0 млн. теңге қаржы қарастырылды. Өткен жылы аталған бағдарлама арқылы 150 млн.теңге қаржы төленді», деді облыс әкімінің орынбасары.

Өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48,2 мың тонна жанар-жағармай бөлінсе, мақта шаруашылықтарына 20 мың тонна дизель отыны босатылды. Өткен жылы 12,5 мың тонна жанармай босатылды.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына Түркістан облысына 13,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржының 5,2 млрд. теңгесі корпорацияның Шымкент филиалына, Түркістан филиалына 8,5 млрд. теңгесі берілді. Ағымдағы жылы алғаш рет несие қаржы желтоқсан айынан бастап беріле бастағанын ерекше атап өткен жөн.

2022 жылы мақта шаруашылықтары 2,3 мың тг. немесе 77% қамтамасыз етілген. Облыстағы тұқым шаруашылықтары арқылы 4,9 тонна бірегей, 69 тонна элита, 677 тонна бірінші және 1070 тонна екінші көбейтілген тұқымдар өндірілді.

Сонымен қатар, Түрік елінен 105 тонна элита, Өзбекстаннан 423 тонна екінші көбейтілген тұқым импортталып егіске пайдаланылды.

Тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы 61,6 тонна элита, 518,7 тонна бірінші және 69,3 тонна екінші көбейтілген тұқымдарға 113 млн. теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді (522 өтінім).

Бұдан бөлек биыл шитті мақта сапасын жақсарту мақсатында Түркия мемлекетімен ынтымақтастық орнатылып, өнімділігі жоғары сапалы мақта тұқымын импорттауға қол жеткізілді. Биылғы жылы Түркия елінен 248,2 тонна элиталық тұқым, Өзбекстан мемлекетінен 967,5 тонна тұқым импортталды.

Агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға биылғы жылы 600 млн. теңге қаржы бөлініп, мақта шаруашылықтарына 150 млн. теңге қаржы төлеу жоспарлануда.

Жалпы мақта шаруашылықтарын қолдау мақсатында келесідей шаралар атқарылды:

Тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту мақсатында, Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, Мақтаарал ауданында («Global Textile Solution») құны 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру жоспарлануда. 2000 жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Жоба 2026 – 2027 ж.ж. толық циклде іске қосылады.

Өзбекстан Республикасының тәжірибесі негізінде мақта-тоқыма кластерін құру жобасын әзірленіп, Үкіметке ұсынылды. Ғылыми негіздемелерге сәйкес мақта дақылын дәндік жүгері, мал азықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті қолдану қажет. Бұл бағытта дәндік жүгерінің өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында, индустриальды аймағында 30 га аумаққа құны 32,0 млрд. теңгеге Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150,0 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.