ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАДА АБАЙ КҮНІ ӨТІП ЖАТЫР

348
Бүгін, 10 тамыз – Абай күніне орай өңірімізде бірқатар шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты шара өтті. Әдеби-рухани жиынға зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және кітапханашылар қатысты.
Алдымен кітапханашы Дана Тәженова келген қонақтарға арнайы тақырыптық кітап көрмесін таныстырды. Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушылары Абай өлеңдерін оқыды. Басқосу барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист, ғалым Сейдулла Садық, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, дінтанушы Зікірия Жандарбек, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Роза Нарымбетова бастаған қонақтар жиналған қауымға Абайдың өмірі мен өнегесі жайлы айтып берді.
Шара соңында өнерлі оқырмандарға кітапхана директорының атынан алғыс хат табысталды. Ал таңертең кітапханашылар Оқушылар сарайы маңындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, облысқа қарасты барлық аудан-қала кітапханада, мәдениет мекемелерінде аталған күнге орай шаралар өтіп, әлеуметтік желілерде Ұлы Абай мұралары насихатталып жатыр. Сондай-ақ оқырман арасында қызықты сауалнамалар ұйымдастырылуда.