ШЫМКЕНТ – САЛАМАТТЫЛЫҚТЫ МҰРАТ ТҰТҚАН ШАҺАР

202

Өткен жылы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 498 852 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 42 пайызын құрады. Биыл бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізу міндеті тұр. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев спорттық инфрақұрылымды және бұқаралық спортты дамыту, спорттық жетістіктер, жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылады.

42 мың тұрғын спорттық іс-шараларға қатысты

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша спорт саласының көрсеткіштері 4 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, бірінші бағыт – дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 пайызына дейін жеткізу. Сондай-ақ халықты 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар және жастардың (14-18 жас) спортпен қамту үлесін арттыруда жоспарлар жасалған.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта қала аумағында спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15 644 мүгедектігі бар азамат бар. Оның ішінде, 2036 адам дене шынықтырумен айналысады. Биыл бұл көрсеткіш 234 адамға (13 пайыз) көбейді.
Жастардың спортпен қамтылу жағдайы – 45 940 адам. Оның ішінде, 151 жалпы білім беру мекемесінде – 33 107, 24 орта арнаулы білім беру мекемесінде – 5 728, 7 жоғары білім беру мекемесінде – 7105 жас спортқа тартылған.

 

Шымкент – саламаттылыққа бет түзеген шаһар. Соңғы алты айда қалада бірқатар бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізілді. «Наурыз Шымкенттен басталады» мерекесіне орай «Great qazaq games» ұлттық ойындарға еліміздің өңірлерінен және шетелден 1000-нан аса спортшы қатысты. «Шымкент жастар лигасы» бәсекесінде 151 мектептен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық бала спортпен қамтылды.
Алдағы қыркүйек айында 5000-нан астам қала тұрғыны өтініш берген «Шымкент марафон» спорттық іс-шарасы өтеді. Сондай-ақ, есепті кезеңде қала жасөспірімдері арасында футболдан чемпионат, мемлекеттік қызметкерлер, медицина, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау қызметкерлері арасында спартакиада ұйымдастырылды. Жалпы осы іс-шараларға 42 000 қала тұрғыны тартылған. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті жалпы 47 000 адамға жеткізу көзделіп отыр.
– Жалпы айтқанда қалада фитнес орталықтарда, саябақтарда, дендрологиялық саябақта, демалыс аймақтарында спортпен шұғылданушылардың қатары артуда. Басқа өңірлерде жоқ «Шымкент жастар лигасы» оқушылардың, ұстаздардың құлшынысын оятты. Жастарға серпін берді. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы да жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстануына өте керекті жобаның бірі. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы спорттың 20 түрі бойынша 16 790 бала қамтылса, 2024 жылы 23 000 баланы (22 пайыз) спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.
Спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында 338 жаттықтырушы және 200-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда Абай ауданында – 46, Әл-Фараби ауданында – 42, Еңбекші ауданында – 26, Қаратау ауданында – 58, Тұран ауданында – 41 спорт секциясы жұмыс істейді.