ТҮРКІСТАНДА КӨШЕ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

172

Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мәдениетті дамыту жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Соған сәйкес бүгінде мәдениет саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде Түркістан облысындағы кәсіби 3 театрдың алар орны ерекше. Олардың репертуары тұрақты түрде жаңартылып, отандық, шетелдік драматургтердің шығармалары сахналанып келеді. Жыл басынан бері 9 жаңа спектакль сахналанып, 121 спектакль қойылған. Сонымен қатар 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған, жыл соңына дейін 11 жаңа спектакль көрермен назарына ұсынылады.
Биыл 27-29 қыркүйекте көше театрларының халықаралық фестивалі өтеді. Түркістан облысының 5 жылдығына арналған фестиваль мақсаты – жасөспірім мен жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған көше театрларының мәдениетін көтеру, осы арқылы оның мәдениеттен ажырамас бөлігі ретіндегі рөлін жаңғырту. Жас түркістандықтар мен рухани астана қонақтарының демалысын ашық алаңдардағы театр қызметі арқылы мазмұнды ету, отбасылық демалысты дамыту. Салауатты өмір салтын насихаттауды көздеген шараға кез келген театр ұжымы қатыса алады. Кемі 5 әртістен тұратын қатысушы ұжым ең кемі 10 минуттан өнер көрсетеді.
Ал қараша айында Түркістан өңірінің тумасы, Мемлекеттік және Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, театрдың негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметовтің 85 жылдығына орай республикалық театрлар фестивалі өткізіледі.
Театр ұжымдары бұған дейін түрлі фестивальге қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Түркістан музыкалық драма театры Қарағанды және Петропавл облыстарында өтетін театр фестиваліне қатысуға ниет білдіріп, дайындық жұмыстарына қызу кіріскен. Ал Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жыл соңына дейін шетелге және еліміздің батыс өңірлеріне баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар аталған театр ұжымдары тарапынан облыстың барлық аудан, қалаларына гастрольдік сапарлар ұйымдастырылады.
Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының маусымы қыркүйек айының басында ашылды. Ал 13 қыркүйек күні Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры жаңа маусымның шымылдығын түрмек. Түркістан музыкалық драма театры қазан айында ІІІ маусымын ашады.