ӨЗ ЕМХАНАҢДЫ ТАҢДА!

99

Шымкентте медициналық емхананы таңдау науқаны басталды. Бұл науқан 15 қыркүйектен басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сауле Сансызбайқызы баспасөз брифингінде хабарлады.

– Дәрігер мен емхананы таңдау еркіндігі жылына бір рет жүзеге асырылады. Тұрғын МСАК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі. Науқан кезеңінде МСАК ұйымына бекітілген азаматтар МӘМС жүйесінде 1 қаңтардан бастап тіркелген ұйымнан медициналық көмекті ала бастайды. Ал, бұрын бекітілген тұрғындар сол мекеме қызметін алуды жалғастырады. Емханаға тіркелу тәсілдері электрондық үкіметтің веб-порталы немесе таңдаған медициналық ұйымға жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Басқа медициналық ұйымды таңдаған жағдайда бұрын бекітілген ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады – деді С.Сансызбайқызы.
Шаһарда медициналық қызмет көрсететін – 34 мемлекеттік, 149 жекеменшік медициналық ұйым бар. Ал,стационарлық медициналық көмек көрсететін 23 ұйым, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін 100 ұйым қызмет көрсетеді.
2023 жылдың деректеріне сүйенсек, ел бойынша сақтандырылғандар – 16 147 981 адам, ал 3 502 918 адам сақтандырылмаған. Статистикалық деректерге сәйкес, Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы – 233 326 адам, яғни 23,5 пайыз тұрғын сақтандырылмаған. Ал МӘМС жүйесі енгізілгелі тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен шағымдар саны азайған. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Райымбекұлы баяндады.

– 2022 жылы 55 759 өтініш келіп түскен, оның ішінде 1070 арыз-шағым, 6 ұсыныс, 157 алғыс, 51 809 адамға кестер берілсе, биыл келіп түскен 25 569 өтініштің 721-і арыз-шағым, 3-і ұсыныс, 101 алғыс, 23 171 адамға кестер берілген. Аталған арыздардын барлығы уақытылы қаралып, жауаптар берілген. Сұранысқа ие консультативтік-диагностикалық қызметтер бойынша, сонымен қатар КТ/МРТ сияқты қымбат тұратын қызметтердің тұрғындарға қолжетімділігіне соңғы үш жылда тоқсан сайын мониторинг жасалып, нәтижесінде диагностика алғашқы 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9 пайыздан 2 пайызға төмендеді– деді С.Райымбекұлы.
Сондай-ақ баспасөз брифингінде медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жүкті әйелдерге, балаларға, мектеп медицинасына, жастарға өз алдына қосымша қаржы қарастырылғандығында атап өтті. МӘМС енгізудің тағы бір артықшылығы медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы өскен. Медицина мамандары МӘМС қызметіне тіркеле отырып, сапалы әрі қолжетімді ем алуға шақырады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

«Шымкент келбеті»