ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ АҚҚУЛЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА БАРДЫ

168

Павлодар облысына қоныс аударғандардың жағдайымен танысып жүрген жұмысшы топ Аққулы аудандық ауруханасына барып, жағдайымен танысты. Онда қоныс аударып келген 4 маманның үшеуі Түркістан облысынан.
Соның бірі — терапевт Лиза Мұрат. Дәрігер өз отбасымен 2019 жылы Түркістан қаласынан көшіп келген. Күйеуі Қобыланды Шінәсіл аудандық өнер мектебінде ақындық үйірмесін жүргізеді. Одан бөлек, ақын жігіт есігінің алдында көлік жөндейтін станция ашқан. Кейін ол ғимаратты дүкен ретінде пайдалануға бел буған. Алдағы уақытта қосымша наубайхана ашуды жоспарлап отыр.
Отбасының айтуынша, бұл жерге қоныс аударған кезде ешқандай қиындықтар болмаған. Квотаны уақытылы алып, жас маман ретінде баспанаға да қол жеткізген.
– Оңтүстіктен Солтүстікке көшу бағдарламасы арқылы Түркістан қаласынан келгенбіз. Түркістаннан келгендер де бар. Олармен хабарласып тұрамыз. Бұрындары жас мамандарға ғана үй беретін еді, ал қазір көшіп келген отбасыға беріледі. Сондай-ақ, 6 млн теңгеге үй алатын болса, жартысы мемлекет тарапынан беріледі. Мамандықтары бойынша да жұмысқа орналастырады. Біздің кезімізде квота 75 мың болатын. Ал қазір қаржысы қомақты, — деді Лиза Мұрат.
Сонымен қатар, жетісайлық Ержан Палванов та осы аурухана қызметкері. Жас фельдшер қабылдау бөлімінде.
– Жетісайдан арнайы бағдарлама арқылы қоныс аудардық. Үй алдым. Жұмысқа тұрдым. Фельдшер мамандығын оқығанмын. Бүгін алғашқы жұмыс күнім. Бағдарлама туралы Шаға ауылындағы нағашы апамның үйіне қонаққа барғанда естідік. Отбасым, бала-шағам, ата-анаммен бірге көшіп келдік. Жақында бөлем мен нағашы қарындасым келгелі жатыр. Бұған дейін Астанада жұмыс істедім. Ол жақта үй алу қиын болды, — дейді Ержан Палванов.
Аудандық аурухана қызметкері Нафиса Маметова да Түркістан облысынан. Гинеколог маманның қызметіне жергілікті жұрт дән риза. Нафисаның күйеуі Дилшат Джунаевты аққулықтар самса, палау, кәуап және кондитерлік өнім пісіретін кәсіпкер ретінде жақсы таниды. Бұл отбасының солтүстікке қоныс аударуына себеп — үлкен ұлы. Павлодарда лицейде оқитын баласына жақын тұруды ниеттенген ата-ана бүгін көшіп келгеніне дән риза.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі