35 МЕКЕМЕ БОС ЖҰМЫС ОРНЫН ҰСЫНДЫ

136

Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен Тұран аудандық «Мансап» орталығында кезекті «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің өтуіне қалалық Жастар ресурстық орталығы мен «Жастар рухы» ұйымы қолдау көрсетті.

Шара барысында білім беру, медициналық, техникалық, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі мен «Қазақстан Фридом Финанс» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша 4 мыңнан астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ұсынылды.
– Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар қалада тұрақты өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеде жоғары оқу орындарын және колледж бітірген жастар мен NEET санатындағы жастарға бос жұмыс орындар ұсынып отырмыз. Жұмыс беруші 35 мекеме жұмыс іздеген азаматтарды еңбек шарттары және жалақы көлемімен таныстыруда, – дейді жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің басшысы Жомарт Тәженов.
Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі таңға 13 мыңға жуығы қамтылып отыр.
Бұдан бөлек, жұмыссыздықты шешуде Tanda.enbek.kz порталында өңірлік мансап орталықтары ұйымдастыратын бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелері өтеді. Онлайн-жәрмеңкеде жұмыс берушілерге өздеріне қажетті мамандарды онлайн форматта табуға мүмкіндік беріледі. Әрбір жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін жұмыс берушіге жіберіп қана қоймай, сонымен қатар онлайн-чат арқылы HR мамандарымен мәселелерді талқылап, бейне сұхбат арқылы сұхбаттаса алады. Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушілер де, ізденушілер де Tanda.enbek.kz порталында тіркеуден өтуі қажет.

САЛТАНАТ ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»