ШЫМКЕНТТІК ШАРУАЛАР «ДАЛА КҮНІ» АТТЫ СЕМИНАРДА БАС ҚОСТЫ

236

Шымкент – республикалық мәртебеге ие шаһар болғанымен, оның 27 мың гектары ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылады. Қала іргесінде егін салып, мал баптап, үйінің іргесіндегі аядай жерінде көкөніс өсіріп отырған шаруалар ішкі нарықты қамту үшін барын салып жатқанымен, базар сөресінде шеттен келген өнімдер самсап тұрғаны жасырын емес. Хош, қала өзін қажетті көкөніспен қамту үшін не істемек керек? Өзекті мәселе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Дала күні» атты семинарында талқыланды.

Алтынтөбе тұрғын алабында орналасқа «Нұр» шаруа қожалығында өткен жиынның негізгі бағыты үй іргелік жерлерден жылына 2-3 өнім алу, органикалық тыңайтқыштарды қолдану және тамшылатып суарудың тиімді тұстары төңірегінде болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер анықталуы тиіс. Оларды біртіндеп шешу қолға алынса, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.
Семинар алдында ауыл шарушылығына қажетті органикалық тыңайтқыштар мен техникалар, көкөніс тұқымдары, суару жүйесінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Шымкентте өндіріліп, ішкі нарық пен көрші елдерге экспортталып отырған өнімдер қойылған. Іс-шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов және қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар алдымен көрмені аралап, отандық өндірушілердің тауарымен танысты.
Өсімдік те адам ағзасы іспеттес, өсу барысында дәрумендерді қажет етеді. Тұқымды жарып шыққаннан жеміс бергенге дейін топырағы тиісті минералдармен байытылмаса, өнімділік төмендейді. Бұл жағдайда кей шаруалар аз шығынмен мол өнім алу үшін түрлі нитраттардың көмегіне жүгінуі әбден мүмкін. Нитрат өнімділікке уақытша оң әсер бергенімен адамның денсаулығына қауіп төндіретіні ғылымда дәлелденген. Сондықтан ұлт саулығы мен дұрыс тамақтану жолында органикалық тыңайтқыштарға мән беру қажет. Осы орайда шаруалар биогомус арқылы жерді тыңайтып, мол өнім алуға қол жеткізіп отыр.
–Топырақты қызыл шылаушыннан өндірілген биогомус арқылы тыңайту тәсіліне шымкенттік шаруалардың қызығушылығы өте жоғары. Құрғақ биогомусты өсімдік бойына сіңіруге уақыт қажет. Ал, жылына 2-3 өнім алуға ниеттенгендерге арналған биогомустың сұйық күйін өндіріп жатырмыз. Біз осы тыңайтқышты құрғақ биогомусты сығып алу технологиясы негізінде әзірледік. Сұйық тыңайтқыш өсімдікке қысқа уақытта оң әсер етіп, өнімділікті екі есеге арттырады. Құрамында ешқандай нитрат немесе улы зат жоқ. Табиғи түрде өндірілген сұйық биогомустың құрамындағы макро және микрэлементтер толық сақталып, өнімнің құнарлылығын арттырады. Күннен күнге шаруалар тарапынан осы органикалық тыңайтқышқа деген сұраныс артып келеді. Мұны тағы бір артықшылығы – жердің эррозиясы мен тозуының алдын алады, –дейді осы көрмеге «Биомак» органикалық тыңайтқышын алып келген Бекзат Абдулла.

Үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында кешенді жоспар бекітіліп, бүгінде жүзеге асырылу үстінде. Соның бірі – кластерлік жобалар. Шаруаларды бір кооператив астында біріктіріп, оның өнімдері қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізіліп тұрса, бұдан шаруа да, өңдеуші кәсіпкер де ұтпаса ұтылмасы анық. Қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы шаһардағы 5 аудандағы шаруаларға кластерлік жобаны насихаттайтын 15 семинар-жиын өткізген. Ондағы мақсат – үй-іргелік жерлерді тиімді пайдалана отырып, отбасылық шаруашылықпен айналысып жылына 2-3 рет сұранысқа ие өнім егіп, табысын арттыру және қала аумағындағы ірі кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету. Осылайша 91 кластерлі жобаның тізімі анықталып, 6 ай ішінде 62 жоба жүзеге асырылды. Олар – құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс өсіру, мал бордақылау, бал ара мен балық шаруашылығы. Жыл соңына дейін осы секілді 92 кластерлік жобаны жүзеге асыру мақсаты көзделген. Соның бір дәлелі – Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі ғалымдары мен мамандарының қатысуымен жасыл салат көкөніс дақылдарын конвейерлік өсіру технологиясы бойынша ендірілген кластерлі жобасы.
Бұл жоба аясында «Нұр» шаруа қожалығының 1 гектер алқабына тамшылатып суғару әдісін ендіре отырып, тәжірибе ретінде сынақтан өткен. Ендігі кезекте Шымкент жағдайында салат көкөніс дақылдарын осы түрлерін өсіру бойынша шаруашылықтарға ғалымдар нақты ұсыныс беріп, қаламыздағы кластерлі жобаларды ары қарай жалғастырмақ. Мұндай агрокластерлік жобаларға мемлекет тарапынан «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Ұлттық жобасы» аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында жыл сайын мемлекеттен 2,5-3 млрд. теңге көлемінде 8 бағыт аясында қолдау көрсетілу көзделген. Берілетін барлық мемлекеттік қолдау толығымен автоматтандырылған. 2023 жылға ауыл шаруашылығы саласы үшін Шымкент қаласына бөлінген субсидияның көлемі 3,9 млрд. теңгені құрайды екен.
Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мемлекеттік қолдау да, бекітілген міндеттер де көп. Мемлекет басшысы саланы дамытуда нақты мәселелерге назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Президент қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі зор деп есептейді
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мүндай жобалар – үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, кластерлі жобаларды жүзеге асыру арқылы қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып, қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкентте қазір 3400 шаруа қожалық, оның ішінде 86 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуға ниеттенген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан «Іскер қала» бағдарламасымен жеңілдетілген 1-2 % несиелендіру және инвестиция, қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыттарында субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдаулар да қаралған. Сала жетекшісі осы бағыттарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен жеңілдіктерге қысқаша тоқталды.
– Жеке қосалқы шаруалар кооперативтерге біріккен жағдайда 1-2 айызбен «Іскер қала» бағдарламасымен несие ала алады. Ал, басқарма тарапынан кооперативтер қандайда бір жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған жағдайда кеткен шығынның 25-30%-ын субсидиялайды. Қайта өңдеуші кәсіпорындар сүтті қайта өңдеп, сары май өндірсе жұмсалған шикізаттың литріне 18 теңге, қатты ірімшікке жұмсауға кеткен шикізаттың литріне 28 теңге қаржы береді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін банктен алған несиелердің 10-11 пайыз аралығындағы сыйақысын да субсидиялайды. Егін шаруашылығында пестицидтер құнының 1 литрі (килограмы) — 50%-на дейін, биоагенттердің (энтомофагтардың) 1 грамы (данасына) — 40%-на дейін мемлекет тарапынан өтеледі, – деді басқарма басшысы.
Шаруаларға қолдайтын бағдарлама мұнымен шектелмеген. Диқандардың тұқым немесе өсімдік көшетін сатып алу кезендегі шығындардың 50-70 пайызын және жұмсалған органикалық тыңайтқыштардың 1 тоннасын сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызына субсидиялау көзделген. Атап өтетін жайт, өтінімді үйде отырып ақ, электронды нұсқада « Gosagro@minagri.gov.kz» және «subsidy.plem.kz» порталы арқылы жолдауға болады. Өтінімдер жер учаскелері орналасқан өңір бойынша тиісті жылдың 1 сәуірі мен 1 желтоқсаны аралығында жүзеге асырылады екен.

Қазақстанға егін суының 50 пайызы сырттан келеді. Шаруалар үшін егінді суарудың маңызы бөлек. Шымкент егін шаруашылығын дамыту аймағына жатпағандықтан еліміздің ауыл шаруашылығы жерлерін суару бағытындағы негізгі стратегиялар Түркістан облысына қаратылған. Мұндай жағдайда шымкенттік шаруалар каналдағы бар суды бағалып, үнемдеп егінін жетілдіруі тиіс. Бұл жағдайда тамшылатып суарудың мәні зор. Шаруалар бас қосқан семинарда тамшылатып суғару әдісінің тиімділігі туралы «Otan Agro» ЖШС-ның директоры Берік Орынтаев баяндады.
–Елімізде Түркістан, Қызылорда және Жымбыл облыстары су тапшы өңірлерге жатады. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын үнемдеу жобасы қолға алынған. Соның аясында заманауи технологияларды қолдана отырып, егіншілік суын 50 пайызға дейін үнемдеу қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді жолы – тамшылатып суару. Оның да автоматтандырылған және механикалық секілді түрлі тәсілдері бар. Жуырда Қытайдың Сиань қаласына іс-сапарға барған кезде сол қаланың үлкен агро-инновациялық орталығында болдық. Ол жерде «AGRECOM» деген замануи кәсіпорынның технологиясымен танысып, жақын арада осы компанияның тамшылатып суаратын технологиясын Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке әкелуді жоспарлап отырмыз. Су ресурстарын үнемдеу бойынша мемлекет тарапынан өте ауқымды іс-шаралар бастылап жатыр. Соның ішінде суды жер серігі арқылы ғарыштан есептеу жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде қолдағы бар суды есептеп, оның қажеттілік деңгейі анықталып, су тапшылығы тамшылатып суару арқылы жойылмақ, – деді Берік Сабитұлы.
Сырдария өзені бүгінде егіншілік пен өндірісте өзге де мақсатта қолданылып, қайта өзенге жіберілетінін, оның қолданыс аясы 150 пайызға жететін су көзі екенін мамандар алға тартып отыр. Жаз маусымында көрші елден ағып келетін өзеннің деңгейі төмендеп, ауыл шаруашылығына жетпейтініне назар аударсақ, оңтүстік өңірінде тамшылатып суару шаруаларды тапшылықтан құтқаратыны анық. Түйіндей келе айтарымыз, шаруаның мол өнімі суға байланған. Егінді өсіруде, суаруда да заман көшінен қалмай, жаңа әрі тың тәсілдерді игеріп отырса, базар мен дүкен сөресін Шымкентте өсірілген өніммен толтырары анық.