ШЫМКЕНТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІЛІС ЖАСАУЫНА ҮЛЕС ҚОСАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТКЕ ИЕ ҚАЛА

116

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда» деді.
Бүгінде Шымкент қаласында да экономиканың нақты секторын дамыту және әртараптандыру бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұны қаланың өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласындағы дамуының 7 айдағы қорытындыларына қарап та айтуға болады.

Ұлттық жоба: 3 378 кәсіпкерге қолдау көрсетілді

Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде биылғы 7 айда қалада 3 378 жобаға қолдау көрсетілген. Кәсіпкерлерге көрсетілген мемлекеттік қолдаудың жалпы соммасы 11 миллиард 861,1 миллион теңгені құрап отыр.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаевтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында шағын кәсіпкерлер, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері алатын несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау көзделген.

–Бұл бағыт бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 20 миллион теңге, ал, айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несие үшін бұл шек 5 миллион теңгені құрайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 7 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 15,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал, айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Сонда шағын кәсіпкерлер ұлттық жоба аясында қаржы нарығына қарағанда әлдеқайда арзан несиеге қол жеткізеді, – дейді Ү.Исаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ұлттық жоба аясында индустриалды-инновациялық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі қарастырылған. Мұндай кәсіпкерлерге берілетін несиенің шекті соммасы 3 миллиард теңгеден, ал, несиелеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 5 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Оған қоса ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Міне, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның осы бағыттары бойынша Шымкент қаласында биылғы қаңтар-шілде айларында 3 378 жобаға 11 миллиард 861,1 миллион теңгеге қолдау көрсетілген.
Шымкентте банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменінің бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша 3 021 жобаға 10 миллиард 921,9 миллион теңге қолдау көрсетілген. Ал, банк несиелерін ішінара кепілдендіру бағыты бойынша 357 жобаға 939,2 млн. теңге қарастырылған.

Айта кетейік, ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсыну қаржылық жоспарға сәйкес қазан айында өткізу жоспарлануда.
Оған қоса Шымкентте кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Іскер қала» атты өңірлік бағдарлама да іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша тоқтап тұрған өндірістік аймақтар мен кәсіпорындардың аумағына жеке инвестордың есебінен қайта инфрақұрылым жүргізіліп, ол жерде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін өнеркәсіптік парктер құрылып жатыр. Кәсіпкерлер бұл парктерден дайын өндірістік ғимараттарды жалға алып, бірден өз кәсібін бастап кете алады. Өз кезегінде мемлекет бюджет есебінен өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялайды.
Аталған бағдарламаның іс-шара жоспары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд. теңге бөлінген. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, бүгінгі таңда 250 жобаға 534,7 млн. теңгеге қолдау көрсетілген. Оның ішінде 54 жобаға 467,8 млн. теңге несие жеңілдетілген шарттармен берілген. Өз жобасын жүзеге асыру үшін банктерден несие алған 185 кәсіпкердің несиесінің пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға 48,2 млн. теңге жұмсалған. Ал, өндірістік ғимараттарды жалдау ақысын субсидиялау бойынша 11 жобаға 18,5 миллион теңге қолдау көрсетілген.

ШОБ-тің экономикадағы үлесі 50 пайыздан асты

Шаһарда кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары өткен жылғымен салыстырғанда 42,4 пайызға артып, 129,6 мыңға жетіп отыр. Бұл, әрине, жоғарыда баяндалған жан-жақты мемлекеттік қолдаудың жемісі екені сөзсіз.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 129 600-ге жеткен. Оның ішінде 20 800-і заңды тұлға болса, 102 900-і жеке тұлға екен. Ал, қалған 5 800-і – шаруа қожалықтары. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,4 пайызға артқан.
–Жақында қаламызға келген жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Шымкент –шағын және орта кәсіпкерліктің орталығы» деп атап өтті. Шындығында қалада кәсіпкерлердің саны ғана емес, бұл секторда жұмыс істейтін адамдар мен олар өндірген өнімнің көлемі де артып келеді. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында шағын және орта бизнес секторында 213 мың 700 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға артып отыр. Ал, осы секторда өндірілген өнім көлеміне тоқталар болсақ, 2023 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өндірген өнім мен көрсеткен қызметтердің жиынтық құны 517 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш те 2022 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 36,9 пайызға жоғары болып отыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мұрат Сәлімов.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында шағын және орта кәсіпкерлік секторының жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50,3 пайызды құраған.

Өнеркәсіптік аймақтар – қала экономикасының драйвері

Жауапты басқарманың мәліметінше, қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 358 млрд. теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңға 216 млрд. теңгені құрайтын 273 нақты жұмыс істеп жатыр. Онда 8 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны құрылған.
Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 95,9 млрд. теңгеге 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарымен 95 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 76 кәсіпорын іске қосылып, онда 2,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 91,4 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Бұл индустриалды аймақта 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны – 1,4 млрд. теңге. Жоспарға сәйкес, биыл 99 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 1 теңге бюджеттік инвестицияға 10 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс ашылғалы бері ондағы компаниялар бюджетке 36,3 млрд. теңге салық төленген. Иинфрақұрылымға жұмсалған қаржы 6,9 млрд. теңге екенін ескерсек, бұл аймақтың тиімділігі жоғары деген сөз.
Ал, «Тассай» индустриалды аймағында 50,7 млрд. теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 36,7 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып ашылған 24 зауыт-фабрика нақты өнімдерін шығарып жатыр. Онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған.
«Тассайда» биыл 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны 7,4 млрд. теңге құрайтын бұл жобалар 290 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл аймақты ашуға бюджет әр 1 теңге қаржыға 35 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, «Тассай» индустриалды аймағы ашылғалы бері онда жұмыс істеп жатқан компаниялар бюджетке 6,8 млрд. теңге салық төлеген.
Шымкенттің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын тағы бір өнеркәсіптік аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Мұнда 43,5 млрд. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. Онда 660 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде 24,5 млрд. теңгеге 285 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған.
Мұнда 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 5,2 млрд. теңге салық төленгенін айта кетуге болады.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық қоржыны жалпы құны 166,6 млрд. теңге болатын 58 жобадан тұрады, олар 5,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.
Мұнда да 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 9,6 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен сауда-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Мәселен, биыл іске қосылуы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 166 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 13,2 млрд. теңге құрайтын, 353 жаңа жұмыс орындарымен 7 жобаны іске қосу көзделуде.
Одан бөлек 2023 жылы «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриалды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін аяқтау жоспарлануда. Оның аумағы – 132 гектарды құрамақ. Бүгінде онда орналастырылатын құны 22,7 млрд. теңгелік, 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 21 жобаның пулы әзірленіпті.
Сондай-ақ, басқарманың мәліметінше, жеке «Standard» индустриалды аймағын құрып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен сауда-логистикалық орталығының аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

ТҮЙІН:

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттердің орындалуы ұлттық экономиканың өсімін жылына 6-7 пайызға дейін арттырып, жалпыұлттық ішкі өнім көлемі 2029 жылға дейін 2 есеге ұлғайып, 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Еліміздің осынау асқақ мақсатқа қол жеткізуіне Шымкент қаласы да өзінің лайықты үлесін қоса алады. Жоғарыда баяндалған даму көрсеткіштері шаһардың сондай әлеуетке ие екенін паш етіп тұрғандай.

Айдар Құлжанов

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»