50 ҮМІТКЕР РЕЗЕРВКЕ ҚАБЫЛДАНАДЫ

199

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Президенттік жастар кадр резервінің үшінші іріктеу кезеңі бірінші қыркүйек күні басталған болатын. Жастарды мемлекеттік қызметке орналастыруға бағытталған жобаға іріктеудің тәртібі бойынша жиын өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сарапшысы Гүлісхан Нахбаева арнайы шақырылды. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Шәкір Сұлтанхан, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының директоры Әділет Нысанбаев және жастар қатысты.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудың талабы бойынша жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және бес жылдық еңбек тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген азаматтар үміткер болуға лайық.
– Алты сала бойынша қажетті кадр керек. Кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Ситуациялық тапсырмалар, кандидаттардың бойындағы құзіреттілікті бағалау, сұхбаттасу кезеңдері өтеді. Үміткердің қабілетін анықтауға арналған 25 сұрақтан құрылған тестілеуге 25 минут уақыт беріледі. Одан кейін, Ұлттық комиссия отырысында үздік 50 кандидат резервке қабылданады. Бұл жоба 25 желтоқсанға дейін жалғасады, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Шәкір Сұлтанхан.
Іріктеуге Президент тағайындаған адамдар, саяси лауазымды қызметкерлер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қатыспайды. Ал резервке алынған азаматтар заңнамадағы тәртіппен саяси лауазымдарға «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына, «Б» корпусының басшылық лауазымына және «Б» корпусының А санттар тобының лауазымына тағайындалу мүмкіндігіне ие болады.
Кездесуде Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сарапшысы Гүлісхан Нахбаева үміткер жастармен өз тәжірибесін бөлісті.
–Өзім 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервінің бірінші жобасына қатысып, 300 ең үздік үміткерлердің қатарынан көріндім. Осы жетістіктерімді жастармен бөлісіп, оларды жігерлендіру мақсатынды келдім. Көп жастар әлі екі ойлы болып жүр екен. Сондай жастарға бұл жобаға қатысудың тиімді екенін айттым, – деді Гүлісхан Сайфуллинқызы.
Бұл жиында жастар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап тапты.
Айта кетейік, 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша – 300 адам, 2021 жылы –50 адам қабылданған. Жалпы 350 адамның 264-і жұмысқа орналасқан. Биыл 50 үміткерді іріктеу жоспарланып отыр.

АЙДАНА МҰХТАРОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»