ЖАСТАРҒА ЖАҢА ЖАТАҚХАНА

193

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері, магистранттары және докторанттары үшін жаңа үлгідегі 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға университет ұжымы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы Гүлзат Көбенова, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Еліміздің үшінші мегаполисінде жылдан жылға студент жастардың саны артып келе жатқандықтан жатақхана тапшылығын шешу – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқтала кетіп: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген болатын.

Ел Президентінің осы тапсырмасы аясында «Inter Press BK» компаниясы өткен жылдың қараша айында 500 орындық заманауи жатақхананың құрылысын бастаған болатын. Қонақ үй типтегі жатақхана іші толығымен жиһаздалған. Жеті қабатты ғимаратта 2, 3 және 4 адамға лайықталған 160 жатын бөлме бар. Әр бөлме санитарлық тораппен (душ бөлмесі, дәретхана) жабдықталған.

Студенттерге ыңғайлы болу үшін 14 арнайы бөлмеге кір жуатын машиналар орнатылған. Бұдан бөлек 14 ас дайындайтын бөлме, 2 тренажер залы, демалыс және оқу бөлмелері бар. Студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап салынған жатақханада лифт жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі де орнатылған.

P.S. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 1 қыркүйектен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өсетінін жеткізді. Тек соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өскен.

«Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда.

Бұл ретте 1 қыркүйектен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтелетін болады. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ға артады», — деді Үкімет басшысы.

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»