ЖЕКЕМЕНШІК ҰЙЫМДАР САПАҒА МӘН БЕРУ ҮШІН…

174

Бүгінде қалада жеке мектептер мен балабақшалар көптеп ашылып, мемлекеттен бөлінетін жан басына қаржыландыру жобасы арқылы орын тапышылығы жойылып келеді. Алайда қымбатшылық орын алғалы кәсіпкерлер жан басына қаржыландыру қаржысының жеткіліксіз болып жатқанын айтады. Осы және өзге де сауалдар кәсіпкерлер палатасында талқыланды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстандық үздіксіз білім беру» қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен жиында білім саласының салалық кеңесінің отырысында жекеменшік мектептер мен балабақшалардың басшылары жеке білім беру ұйымдарындағы бүгінгі орын алып жатқан мәселелерді көтерді. Жекеменшік мектептер үшін өзекті мәселенің бірі – жан басына қаржыландыру мөлшері. Өңірдегі қаржыландыру мөлшері еліміздегі басқа мегаполистердің жеке мектептерімен салыстырғанда біршама төмен. Сондықтан жеке білім беру ұйымдарының басшылары Қазақстандағы үшінші республикалық маңызы бар қаланың жекеменшік мектептері үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін ұлғайтуды сұрады.
–Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 100-ден астам жекеменшік мектепте 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі білім беру саласындағы ахуал қызметкерлердің уәждемесінің төмендеуімен, кадрлардың кетуімен және сәйкесінше олардың тапшылығының өсуімен сипатталып отыр. Осыған байланысты жекеменшік мектептерді мемлекеттік мектептермен салыстырғанда негізгі бәсекелестік артықшылығын жоғалтады,– дейді «Атамекен» ҰКП Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.
Жиында атап өтілгендей, жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептермен тең жағдайда педагогтердің біліктілігін арттыру шығындарын өтеп, оқулықтар мен әдістемелік құралдар алғысы келеді. Сонымен қатар, кездесуде жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы аясында салынған жатақханалардың тұрғылықты студенттерінің ақы төлеуі, тексеру алгоритмі, бөлінетін қаржының кеш аударылу мәселелері көтерілді.
Айта кетейік, білім беру жөніндегі салалық кеңестің отырысы тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті. Кәсіпкерлердің барлық сұрақтары назарға алынып, тиісті жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Г.БАЛАБАСОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»