TRAVEL-БЛОГЕРЛЕР ШАҺАР ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

217

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен шетелдік және отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін үш күнге арналған ақпараттық блог-тур ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – аумақтың туристік бағыт ретіндегі имиджін насихаттау, сонымен қатар экскурсиялық блог жүргізу бағыты арқылы туристердің санын арттыру.

Блог-турда БАҚ-тың жетекші өкілдері, Әзірбайжан, Үндістан, Түркия, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның бірқатар өңірлерінен келген travel-блогерлер Ұлы Жібек жолы сегментіндегі Шымкент қаласының бай тарихымен, өңір туризмінің гастрономиялық, өнеркәсіптік бағыттарымен танысты. Мамандар мұндай турдың пайдасы шет елдерде қала мәдениетін танытып қана қоймай, туристер санын да арттыратындығын айтады.
–Заманауи сәулет өнері, мұражайлар, саябақтар, жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы, Қазақстанның ежелгі тарихымен, төл мәдениетімен танысу туристеріміздің қызығушылығын оятуда. «eQonaq» бірыңғай туристік ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша жарты жылда Шымкент қаласына 22 мыңнан астам шетелдік турист келген, бұл өткен жылғы статистикадан асып түсті,– дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының
басшысы Ерлан Омаров.
Бүгінде Шымкент қаласынан Қазақстанның өзге өңірлеріне ұшатын 29 тікелей рейс, 7 тұрақты және 23 чартерлік халықаралық рейс бар. FlyArystan әуе компаниясы екі халықаралық бағытқа – Кутаиси мен Делиге тікелей қатынайды. Негізгі халықаралық рейстерден бөлек, Шымкенттен Астана арқылы Бакуге аптасына 2 рет, Анкараға аптасына 2 рет ұшуға болады.
Айта кетейік, пайдалы көлік-логистикалық хабтың арқасында көптеген трансшекаралық туристік бағыттар – Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан арқылы жүріп өтіп, бастапқы немесе соңғы нүкте ретінде Шымкентке баруды қамтиды. Сондықтан жыл сайын шаһарға келуші туристер саны артып келеді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»