АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ: ЖЕҢІСТІ ЖОЛ ЖАЛҒАСЫН ТАБУЫ ТИІС
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Жауапты сынға қатысатын еліміздің спортшылары анықталып қойды. ҚР делегациясы жылдың басты бәсекесіне 700-ден астам спортшыны үкілеп қоспақ. Еліміздің көк туын бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшы Надежда Дубовицкая ұстап шығады. Дүбірлі сайысқа аттанатын Шымкент қаласы спортшылары да нақтыланды.
Жекпе-жек өнерінде жеңісті дәстүр бар
Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Жазғы Азиадаға 25 спорт түрінен жалпы 67 споршы қатысады. Бәрі де тәжірибелі, шеберлігі шыңдалған сайыпқырандар: Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл жолы Шымкент қаласы спортшылары алғаш рет дербес команда ретінде бақ сынайды. 2018 жылы Джакартада өткен ойындарда Шымкент қаласы мен Түркістан облысы спортшылары бір командада қатысқан-тын.
Әрине, Жазғы Азия ойындарының тарихында Оңтүстік өңірі спортшыларының жеңісті дәстүрі бар. Қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының (Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) дарынды жастарының жекпе-жек спорт түрлеріндегі жеңісті сәттеріне тоқталуды жөн көрдік. Алдымен боксшылардың жеңісті сәттерін еске түсірейік. 1994 жылы Хиросимада (Жапония) боксшылар Нұржан Сманов (67 келі), Қанатбек Шағатаев (71 келі) жеңісті жолды бастап берді.
1998 жылы Бангкокте (Таиланд) аса ауыр салмақта Мұхтархан Ділдәбеков жеңімпаз атанса, 67 келіде Нұржан Сманов күміс жүлдемен оралды. 2002 жылы Пусанда (Оңтүстік Корея) және 2006 жылы Дохада (Катар) Мұхтархан Ділдәбеков аса ауыр салмақта күміс жүлдегер атанды.
2010 жылы Гуанжоу ойындарында (Қытай) Біржан Жақыпов (49 келі) күміс жүлдеге ие болды. 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) Біржан Жақыпов күміс, Қайрат Ералиев (56 келі) қола жүлдені қоржынға салды. 51 келіде Жайна Шекербекова екінші орыннан көрінген болатын.
Енді биылғы Азия ойындарында әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханға (57 келі) зор сенім артылып отыр. Жалпы Азия ойындарының тарихында 57 келіде Қазақ елі боксшыларына алтын жүлде бұйырмапты. Махмұд Сабырхан осы олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз.
Жас дарын Махмұдтың Ханчжоу шаршы алаңындағы басты қарсыластары кімдер? Енді осы жөнінде аз-кем айтып өтсек. Бұл салмақта әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Басты қарсыластардың бірі – өзбекстандық Абдумалик Халоков болмақ. Ол 2023 жылы әлем чемпионатында топ жарды. Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері – үндістандық Мохаммад Хусамуддин мен қырғызстандық Мұнарбек Сейітбекұлын да осы қатарға қосуға болады.
Әлем чемпионатының ширек финалисі Асрор Вохидов (Тәжікстан), Азия чемпионы Енхамар Харкуу (Моңғолия), сондай-ақ, Иордания, Қытай, Моңғолия, Таиланд боксшылары да қарымды қарсыластардың бірі саналады.
Әйелдер боксында Жайна Шекербекова еліміздің үміт артар спортшыларының бірі. Шекербекова 2010 жылы Гуанжоуда 54 келіде бәсеке көрігін қыздырды. Міне, араға 13 жыл салып, Азия ойындарына аттанғалы отыр. 2014 жылы күміс жүлде иеленген.
Әрине, бұл Азия ойындарының боксшылары үшін маңызы зор. Келесі жылы Париж олимпиадасына осы сайыста лицензиялар беріледі. Атап айтқанда, ерлер арасында 52, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 + салмақтарда, әйелдер боксында 51, 54, 57, 60, 66, 75 келі салмақтарда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады.
Жастар жарап тұр
Енді күрес түрлеріне келейік. Тарихтан сыр тартсақ, 2010 жылы Гуанжоуда грек-рим күресінен Марат Кәрішалов (55 келі), еркін күрестен Ермек Байдуашев (84 келі) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер күресінен 63 келіде Елена Шалыгина жеңімпаз атанған.
Бұл жолы шаһардан грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Азия чемпионы Әлімхан Сыздықов (130 келі), еркін күрестен Азия чемпионы Дархан Есенғали (74 келі), әйелдер күресінен Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Елена Шалыгинаға (68 келі) сенім артылып отыр.
Дзюдодан Пусандағы ойындарда Базарбек Доңбай (60 келі) күміс алса, 2018 жылы Джакартада Дидар Хамза (81 келі) жеңімпаз атанып, Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) қола жүлдемен оралып еді. Биылғы сайысқа Шымкент қаласынан Севара Нышанбаева 57 келіде ел намысын қорғайды.
Таэквондо өнерінде Әділхан Сағындықов (1998 жылы), Феруза Ергешова (2010 жылы), Нұрсұлтан Мамаев (2014 жылы), Нұрлан Мырзабаев, Ерасыл Қайырбек сынды Оңтүстік спортшылары Азия ойындарының жүлдегері болды.
Бұл жолы қаламыздан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80+ келіде алтын жүлдеге таласпақ. Инчхон ойындарының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Мамаев енді өзі ұлттық құрама спортшыларын жауапты сынға дайындауда. Білікті маман жуырда таэквондодан ҚР Ұлттық құрамасының аға бапкері қызметіне тағайындалды. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар.
Сондай-ақ, каратэден Шаттық Қажымұқанов (70 келі) Пусанда күміс, Дохада 75 келіде қола жүлде алған. 2010 жылы Гуанжоуда Дархан Асаділов 60 келіде чемпиондық атаққа қол жеткізді. 2018 жылы Данияр Юлдашев (+ 84 келі) қола жүлде еншіледі. Биылғы Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері – Қайсар Алпысбай (60 келі), Данияр Юлдашев (+84 келі) пен Софья Берульцева (68+ келі) Ханчжоуда жүлделі орындарға таласады.
700-ден астам спортшы барады
2023 жылғы 23 қыркүйек 8 қазан аралығына жоспарланған XIX-шы жазғы Азия ойындарында 45 мемлекеттен 10 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Осылайша 474 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде 381 олимпиадалық, 93-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен. 10-нан аса спорт түрінен жарыстар 2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындарының іріктеу тізіміне енгізілмек.
Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан спортшылары бірінші рет 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен жарысқа қатысты. Ел спортшылары жалпы саны жеті рет Жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғап, 557 жүлде жеңіп алды. Оның 155-і алтын. Ал командалық сайыста төрт рет 4-ші орын, екі рет 5-ші және кейінгі Жакартада өткен ойындарда 9-шы орынға тұрақтады.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Андрей Крюковтың айтуынша, Ханчжоуға елімізден 700-ден астам спортшы барады деп жоспарланып отыр. Сондықтан, ҚР ҰОК, ҚР Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарына дайындыққа ерекше көңіл бөлуде.
Алғашқы Жазғы Азия ойындары 1951 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп, оған 11 елдің спортшылары қатысқан болатын.
ТАҒАБАЙ ҚАСЫМ
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»