АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ
Бүгін Сауран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев бастап, аудан әкімінің орынбасарлары Серік Садибаев пен Мақсат Таңғатаров Жүйнек, Қарашық, Шорнақ ауылдық округі тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Осыған орай, аталған ауылдық округтерде өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, Жүйнек ауылдық округі бойынша электр жарығының нашарлығы, жаңа трансформаторлар орнату, электр бағаналарын жаңарту, ауыз су мәселесі, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан көшесін асфальттау, елді мекенде байланыстың нашарлығын, Жүйнек мектебіндегі жүргізіліп жатқын жылу қазандығының сапасыздығы, жаяу жүргінші жолдарын салу, (тротуар), көшелерді асфальттау, табиғи газ, ағын су тапшылығы, қоқыс жәшіктерін орнату бойынша қордаланған өзекті мәселелер көтерілді.
Бұдан соң кезекті кездесу Қарашық ауылдық округінде өтті. Құмтүйін елді мекеніндегі диқандардың басты мәселесі егістік алқаптарына Жүйнек ауылдық округі тұрғынының жылқылары жайылып, мақта алқаптары шығынға ұшырағанын ашына жеткізді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тарапынан ағын судың жеткіліксіздігін, суға төлейтін электр жарығының қымбат екенін, шаруаларға ауырға соғып жатқанын, ауыз су, елді мекендердегі трансформаторлардың тозығы жеткенін, интернет байланысының нашарлығын, табиғи газ, көпірді жөндеу, Құмтүйін елді мекеніне кітапхана, мәдениет үйі салынса, ауылда тұрғындарының саны жыл санап артып келетінін, соған орай, учаскелік жер берілуін, балалар ойын алаңдарын салу қажеттегі туралы ұсыныс пікірлерін білдірді. Қарашықтық тұрғындардың тағы бір мәселесі елді мекен айналасындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға тоқтам салу керектігін жеткізді.
Ал, Шорнақ ауылдық округі тұрғындарымен кездесу аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Аудан орталығының тұрғындары тарапынан қордаланған мәселелердің қарасы көп болды. Енді тарқатып айтып өтсек. Кезінде тұрғын үйге берілген жерлердің заңсыз болуы, бүгінде ол жерлерге ауыл тұрғындары үй салып алған екен. Осыларды заңдастырып беруін сұранды. Одан бөлек, ауыз су, Шорнақ елді мекен жанындағы асфальт зауытты көшіру керектігін, жайылым жерлердің жоқтығын, қарттарға демалуға сауықтыру орнына жолдама берілсе, мазаратқа жер анықтап беру, ағын су, елді мекендерге скважина қазу, мазарат маңында қаңғыбас иттердің көптігін, оларды жою, табиғи газ, шаңырақ көтеріп жатқан жастардың көптігін айтып, аудан орталығына көпқабатты үйлердің қажеттігін жеткізді.
Жоғарыда аталған ауылдық округтердегі кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер жіпке тізілгендей бақылауға алынып, қажеттігіне қарай мерзімдері көрсетіліп, шешу жолдары қарастырылды. Сауран ауданы әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалары бойынша көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, кездесулерге сол ауылдық округтерінен сайланған депуттаттар да арнайы қатысып, өздері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап өтті. Аталмыш кездесу барлық ауылдық округтерінде өткізілетін болады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі