АХМЕД ЙҮГІНЕКИ АЛЛА АРҚЫЛЫ АҚИҚАТТЫ АНЫҚТАҒАН

271

Сауран ауданы серпінді дамып келеді. Саурандықтарға шығыстың шынарларын таныстыру артықтық етпес. Алдымен осыдан тоғыз ғасыр бұрын өмірден өткен Йүгінеки Адиб Ахмед ибн Махмуд туралы толғасақ. Йүгінеки Адиб Ахмед ибн Махмуд Түркістанның іргесіндегі Йүгінеки қаласы, қазіргі Жүйнек ауылы маңында дүниеге келген. Орта ғасырлық ақын, хакім, ойшыл. Ол жас шағында араб, парсы тілдерін меңгерген. 12- ғасырдың соңында туып, 13 -ғасыр басында дүниеден өткен ол туралы мәлімет тапшы.

Энциклопедияны ақтарғанда мынадай фактілерге қанықтық. Ахмед Йүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тапшы. Зағип болып туып, фәни жалғанның жарық сәулесін көрмей бақиға озған Ахмед жастайынан ілім-білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған. Ақыл-ойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Йүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, Ислам құндылықтарына негізделген өлең-жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерліктердің басы біріктіріліп, «һибуат-ул-хақаиқ» «Ақиқат сыйы» деп аталатын дидактикалық өлеңдер жинағына айналған.

Мазмұны, танымдық нәрі жағынан алғанда «Ақиқат сыйы» Әбу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи мұраларымен іштей астасып, 9-13 ғ. аралығындағы түркі дүниесінің рухани қазыналарының жарқын туындысына айналды.

Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Йүгінеки мұрасының 14-15 ғасыр жасалған 3 түрлі көшірмесі, 3 түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі — 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа.

Ахмед Йүгінеки өз шығармаларында дүние жаратылысы мәселелерін ислам қағидалары негізінде түсіндіреді. «Барлық нәрсе бір Алланың еркінде» екендігін және оның даралығын дәріптейді. Сол үшін де ақын мәңгілік өлім ұғымы жоқ, ол өмірмен алмасып отырады дейді: «Жоқ едім. Жараттың. Және жоқ қылып, екінші бар етерсің» немесе «Өліні тірі, тіріні өлі етеді». Ал тірліктің өлшемін білім арқылы белгілейді. Яғни, білімдіден пайда бар, пайдалы нәрсе — тірі, ал пайдасыздық — бос, өлі нәрсе. Олай болса, білім арқылы мәңгілік өмірге қол жеткізуге болады. Өйткені «білімдінің өзі өлуі» мүмкін, бірақ «аты өлмейді».

Ахмед Йүгінеки үшін білім — көп білу емес, таным, ақиқатты білу. Ал ақиқаттың негізі Аллада болса, оны да «білім арқылы тануға» болады.

«Бақыт жолы білім арқылы білінеді». Білім ойдан, ізденуден шықса, оның пішіні — сөз. Тіл — жаратушымен байланыстырушы құрал, адам «күн сайын ерте тұрып, тілге жүгіну арқылы құлшылық етеді». Бірақ сөз адамға пайдасымен қатар зиянын да тигізуі мүмкін, ол тағы да адамның өзіне байланысты. Сөз адамның ойлау қабілеті мен адамгершілік бейнесін бедерлейді. Ахмед Йүгінеки пайдалы мен пайдасыздың, ақиқат пен жалғанның нарқын өкініш айыратындығын «Қандай іс істесе де, білімсіздің еншісі — енші, оған одан басқа өкініш жоқ», «Көп сөйлеген көп өкінеді», «Ашкөздіктің соңы — өкініш, қайғы-қасірет» деген жолдары арқылы байқатады.

Өкініш мұнда этикалық нормалардың ара-жігін ажыратушы ұғым. Осы ұғымға сүйене отырып, біз Ахмет Йүгінекидің этикалық көзқарастарын анықтай аламыз. Ахмед Йүгінеки үшін бұл дүниеде тұрақты ешнәрсе жоқ, бәрі де өзгереді. «Жас қартаяды, жаңа ескіреді», «Барлық толған нәрсе азаяды, түгел кемиді». Сол себепті бұл дүниенің қызығы да жалған, өткінші. Мұнда «менікі» деген жоқ. Өйткені «менікі дегенің» ертең «өзгелердің еншісі» болып шығады. Сондықтан дүниеқорлық пен ашкөздік адамға бос бейнет әкеледі. Ал оны ойлай берсең, ол сенің тек «уайым-қайғыңды көбейтеді. Одан да еңбек ет» деп тұжырымдайды. Кішіпейілділік пен жомарттықты, сабырлылық пен көнбістікті мадақтайды.

Ахмед Йүгінеки гуманизмі діни этикалық қағидалармен қабысып жатады: «Біреу зәбір-жапа жасаса, қарымына рахат көрсет. Өйткені қанды қанмен қанша жусаң да тазармайды. Адамгершіліктің басы — осы». Яғни, зұлымдық зұлымдықты тудырады деген қағиданы хадистерінің қазығы ете отырып, кешірімді болғанды хош көреді: «Бір айыпқа бола бас кесуші дүниеде тірі адамсыз қалады» дейді. Бірақ дүние мен адамдардың кемелсіздігіне орай айтылған «Мың досың болсын мейлі, біреуі де адал емес», «Дүние бір қолмен бал, бір қолмен у ұстатады» немесе «Шырақ, сырың өзіңде сақталып тұрмаса, досыңда сақтала ма?» деген сөздерінен үмітсіздік сарындар да аңғарылып қалады. Ахмед Йүгінекидің нақыл сөздері түркі жұртында бүгінге дейін мақал-мәтел түрінде сақталып, айтылып келеді.

Дарындылар шығармашылығы әлемдік мәдениеттің дамуы, жетістіктер шыңының әрбір тарихи прогресінің өлшемі болып табылады. Осы шығармашылықта барлық құнды және маңызды, адамзаттың ғылымдағы, өнердегі, тәжірибелік қызметтегі жетістіктері көрініс табады. Олардың идеялары, өнер туындылары, азаматтардың ұмтылыстарын білу арқылы, біз олардың сол дәуірдегі дүниетанымын танимыз. Өз дәуірінің танымал тұлғалары қалыптастырған шығармашылық еңбектері өзі өмір сүрген кезеңнің бейнесін береді.

Ал, ғылым – жаңа идеяларды алға жылжытушы ғалымдар қызметінің нәтижесі болып табылады. Олардың мақсаты біреу ғана, ол – ғылыми жаңалық ашу. Олар қоғамға қажетті ерекше өнім, яғни, жаңа ғылыми білімдер қалыптастырады. Саяси ғылымдар мен саяси білім беру жүйесінде саяси ілімдер тарихы жеке ғылым және оқу пәні болып табылады. Берілген саясаттанулық дәрістер шеңберінде осы ғылымның пәні ерекше түрде зерттеледі. Саяси ойдың қазіргі ілімдері мен теорияларының дамуына ортағасырлық Шығыс ойшылдарының еңбектері айтарлықтай ықпал етті. әл-Кинди, әл-Бируни, әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Ибн Сина, О. Хайям, Низами, Ә. Науаи сынды осы кезеңнің көрнекті өкілдерінің саяси көзқарастары саяси ілімдер тарихында кеңінен қолданылады.

Сондықтан, Ахмед Йүгінекидің әлеуметтік көзқарастарындағы ең басты және негізгі орын әлемді жаратушы Алла тағалаға арналады. Ол адамзаттың ақиқатқа жету жолында осы қоғамды жаратушы Алла деп тануын және барлық әлеуметтік болмыстың базалық негізі ретінде есептейді. Бұл ерекшелік Ахмед Йүгінеки заманында өмір сүрген ойшылдар М.Қашғари, Ж.Баласағұн, Ахмед Ясауи еңбектерінде дидактикалық сипаттағы өлеңнің бірінші бөлігі білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы ақыл сөздерден басталады.

Екінші бөлімде тілдің маңызы, сөйлеу мәдениетін дамыту жөнінде кеңестер берсе, үшінші бөлімде дүниенің бір қалыпта тұрмай, өзгеріп тұратындығы сөз болады. Дастан жомарттықты, қарапайымдылықты, сыпайылықты, өршілдікті дәріптеп, менмендік пен надандықты, сараңдық пен дөрекілікті айыптайды. Автор сол замандағы адамдардың осы іспеттес ұнамды, ұнамсыз моральдық-этикалық ерекшеліктерін атап қана қоймай, сонымен бірге мінез-құлықтың жақсы қасиеттерін қалайша тәрбиелеу, сондай-ақ оның теріс қасиеттерін жою жөнінде бірсыпыра пайдалы кеңестер мен ұсыныстар береді («Егер өкіметке қолың жетсе, мақтанба», «Бастық болсаң, жайсаң бол, кәріге де, жасқа да құрмет көрсет», «Айтар лебізіңді алдымен ойлап ал», т.т.). Осындай ұлағатты лебіздер бейнелі салыстырулар мен теңеулерге, нақылдар мен мақал-мәтелдерге толы. «Білімдінің сөзі үгіт, насихат, үгіт-өнеге», — дейді бір сөзінде білімдар ақын. Бақыт жолы білім арқылы білінетіні, білімді азамат қоғам үшін бағалы, ал білімсіз наданның құны жоқ екендігі туралы баян етеді. Демек, білімді салғыртсынбай үйрену арқылы қоғам өмірінің алға жылжитындығына көзімізді жеткізеді. Азаматтарға сөзбен ықпал ету тек білімдінің қолынан келетіндігін түсінеміз. Жалпы қоғамның даму сатыларына, әсіресе, біздің өткен тарихымыздағы қоғам мүшелері үшін данышпандардың сөздері жоғары дәрежеде өз әсерін тигізді. Өлең, толғауларда елдің қорғаныс қабілетін нығайту, ел іргесін берік ағайындар ұжымымен күшті болуы насихатталды. Өмір туралы, атамекен, туған елдің әлеуметтік және қоғамдық жағдайы жырланып, жағымды, жағымсыз тұстары, қатерлері мен мүмкіндіктері суреттелген керемет туындылары бүгінгі күнге дейін жеткендігі көңілімізді қуантады. Осы «Ақиқат сыйынан» үзінді.

Пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – (Ол) Былай деген: «Алланың әміріне мойын ұсынып, оның жаратқан пенделеріне шапағатты болу керек».

Жауға да тигіз ауыз – таңғы дәмнен,

Тазармас қанша жуса қанды қанмен.

Тәттіңді аузына тос мұсылманның,

Бол жолдас – жәбір көрген зарлы жанмен.

Жамандар азар берсе, кешір оны,

Бір мысқал пайда келмес аңдығанмен.

Басы осы кісіліктің, ұқ осыны,

Сусын бер шөлдегенге, сол-ды жәрдем.

Жақсылық жасағанға еселеп қыл,

Ол жанға тілеу тіле әр дұғаңмен.

Тамырын дұшпандықтың терең қазып,

Аласта біржолата қалдыр әрмен!

Ашу, кек оты шалқып жалындаса,

Нұрын шаш ізгіліктің, сөндір әнмен!

Пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – (Ол) Былай деген: «Алла кішіпейілдінің абыройын асырады, тәкаппардың құтын қашырады».

Ұлықтық – Алланікі.

Ұлықсыған

Менменнің кеудесін бас – қылып шыдам.

Байлықтан, малдан саған қандай қайыр,

Жалаңаш өлді не бір бұлықсыған?!

Шіренбе: «Менің тегім асыл ед», – деп, –

Қай асыл мінезіңе жылыпты жан?

Тегіміз: Адам-ата, Хауа-анадан,

Жік салмас Хақтан қорқып сынықсыған.

Шынымен тегі асылдың мінезі асыл,

Хаққа да, көпке де ұнар қылықты жан.

Бәріңнің бөркің бірдей, төркін бөлек,

Қашанда шын асыл ғой – білікті жан.

Соңғы сөз: Жақсының игі қылығы мен дүниеқоңыздың жарамсыз қылығы туралы:

Өлшенер жақсылықтың парқы өнермен,

Ешкімге опа бермес тәркі өлермен.

Адамдық кімде болса, ер! – деп соны айт,

Соны тап, іздесең де жарты әлемнен.

Жеміссіз тұл ағаш қой қайырсыз жан,

Ондайды кесіп отқа өртеген жөн.

Мархамы дүниенің – шапағатта,

Айрылма, мұсылмандық Мәртебеңнен!

Өсер жасқа барынша мол мұра қалдырған Ахмед Йүгінекидің еңбектері арада тоғыз ғасыр өтсе де, заманына лайықты түрде жасарып жаңғыра береді. Түркі дүниесінің рухани орталығы болуға талпынып жатқан Түркістанның жастары тереңдете зерттеуін күтіп тұрған тарихи тұлға. Ол әлі өз дәрежесінде тарихи бағасын алып болған жоқ.

Ескендір ЕРТАЙ.