ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІ АШЫЛДЫ

173

Биыл Ұлттық домбыра күні мерекесіне 5 жыл толды. Домбыраны мектепке пән ретінде енгізу ұсыныстары ең биік мінберлерден айтылып жүр. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған шарада сөз сөйлеп, осындай идея айтқан болатын.

«Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек» — деген еді Мемлекет басшысы.

Осы мақсатта Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, 30 жылдық елді мекенінде домбыра үйірмесі ашылып, өз жұмысын бастады. Бүгінде Мадина Сенбек басқаратын ұжымда 174 бала домбыра үйірмесіне қатысып, ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттыруда. Мектепте оқушылардың жастары 4-16 жас аралығында болса, оларға дәріс беретін 3 ұстаз, үш топқа бөліп үйретуде. Домбырамен қатар, би үйірмесі де жұмыс жасайды.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Одан тараған қоңыр үн жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді. Ендеше, төл өнеріміздің мәртебесі асқақтап, жас бүлдіршіндерге домбыраны үйрету бүгінгі күннің басты талабы болмақ.