СУ ТАПШЫЛЫҒЫ АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ АРТҚА ТАРТЫП ОТЫР

112

Алдымен сауал қоюды бастаған Түркістан облыстық мәслихатының Сауран ауданынан сайланған депутаты Баймахан Тоймахан өңірдегі аса өзекті мәселелерге тоқталып, оны шешудің жолдарын да атап өтті.

— Қаланы Сіз басқарған жылдары да қала мен ауданды екіге бөлу туралы көп ұсыныстар айтылатын. Өзіңіздің бастамаңызбен осында аудан құрғымыз келген болатын. Қазіргі таңда енді ол мәселе өзінің орнын тапты. Жаңа отау құрып жатқан үйге не керек екені белгілі ғой. Бұл енді аграрлы аудан болғаннан кейін 2007 жылдан бастап, депутат болғалы бері осы Арыс-Түркістан каналының су мәселесі қозғалып келеді. Өңірде жетіге жуық су қоймасы бар. Майдандал ауылдық округінің Қаражон елді мекенінде, Бабайқорғанда үшеуі бар. Біреуі Абай елді мекенінде. Үлгілідегі су қоймасында жөндеу жұмыстары басталғанымен ойдағыдай болмады. Серттегі су қоймасы бар. Жаңа Иқандағы Шылбыр су қоймасы бар. Бізде жайылымдық жерлердің көбі енді суармалы жерлерге айналдырылып жатыр. Бұрынғы қолхоздардан қалған 65 құдыққа тағы қосымша 25 құдық қаздық. 23 артезиандар қазылды. Қазір ауданда 88-ге жуық артезиан бар. Оның светі қымбаттаған. Осыдан оншақты күн бұрын облыстың монополияға қарсы комитетінің мамандарымен бірге қоғамдық тыңдалым болды. Отыз шақты адам қатысса, жеті-сегізі Сауран ауданының шаруалары.

Сонда айтылғандай Арыс-Түркістан каналынан келетін су Бөген су қоймасы арқылы жетеді. Бес күн бұрын сол су қоймасы басында көшпелі жиналыс та өткіздік. Биыл судың кемдігі өте қолбайлау болып отыр. 102 миллион текше метр судың келмеуі қиындық әкелді. Осы Сауран ауданының жеті ауылдық округінің диқандарына каналдан ағын су келеді.

Түркістан облыс орталығы болуына байланысты Түркістан-Кеңсай су қоймасы салынды. Осы су қоймасына Арыс-Түркістан каналынан келетін бірнеше арықтар бар. Ол арқылы Түркістан қаласын көкжелектендіру мақсатында ағын су қалаға беріледі. Диқандарға жетпей жатқан суды қалаға беріп жатырмыз.

Біз халықпен жиі кездесеміз. Елдің барлығының айтатыны іргемізден өтіп жатқан табиғи газ мәселесі. Ол мемлекет тарапынан жеделдетілмесе біздің облыста кезең-кезеңімен ұзақ жылдарға жоспарланып отыр. Бізге 2023 жылы берілуге тиісті табиғи газды 2026 жылға дейін шегеріп тастаған жайы да бар.

Ауыз су мәселесі туралы барлық билік орындарына жазылған хаттарды сараладық. Парламенттің депутаты Балабиевке сауал жолдағанымызда, ол кісіден жауап хат келді. Әлеуметтік сауалнамадан анықталғандай 138 елді мекенде ауыз су жеткізілмеген. Біздің ауданда 38 елді мекен бар болса, соның үшеуі ғана сапалы ауыз сумен қамтылып отырған жайы бар. Кезінде өзіңіздің бастамаңызбен ауылдық елді мекендерді абаттандыруда көптеген жұмыстар атқарылғанымен әлі де қажеттіліктер көп.

Сауран ауданының орталығы Шорнақ болғаннан кейін бізге көп салалы амбулатория, аурухана керек. 2023 жылы құрылыс басталуға тиіс аурухана жобасы 2025 жылға шегерілді. Соған да ықпал жасап, уақытын жеделдетсеңіз екен.

Сосын мына әрбір ауылдық округте мектептің мәселесі қиын. Біздің осы Шорнақтың өзінде төрт-бес «жайлы мектеп» салынатын болса, басқа мектептер күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазір барлық мектептердің аудандық әлеуеттік дамыту басқармасы мен облысқа қарауына байланысты, қай жерде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан бейхабармыз.

Қазіргі таңда кәсіпкерлердің ең негізгі мәселесі — электр қуатына тіреліп тұр. Монополияға қарсы агенттіктің берген есебіне қарағанда, 24 жерден электрмен қамтамасыз етіледі екенбіз. Оның ең жоғарғы бағасы 26 теңгеден екен. Бұл Қазақстанда өндірілетін электр қуаты. Мына іргеміздегі Өзбекстанда 3 теңге 26 тиыннан алуға мүмкіндік бар екен. Неге біз осы Өзбекстаннан алмаймыз. Мен осыған түсіне алмаймын. Кезінде өзіңіз облыс әкімінің орынбасары болып тұрған кезіңізде де, электр қуатын Өзбекстаннан алмап па едік. Осындай түйткілді мәселелер көп. Олардың барлығы қағазға хаттаулы. Қазіргі таңда осы 38 елді мекен, он екі ауылдық округтің тұрғындарының негізгі аманаты осы. Жүз күнде 31 елді мекенді аралап шықтым. Басты талаптары осы.

Өзіңіз білесіз, Қарашық пен Оранғай ауылдық округтерінде жер жетіспейді. Жайылым жоқ. Жақында облыс мәслихатының депутаттарының сұранысымен Кентауға 75 мың гектар жері осы өңірге өткізілді. Сауран ауданына да жайылымдық жер жеткіліксіз. Қазір енді Шорнақ ауылдық округі мен Бабайқорған ауылдық округінің арасындағы тас зауыттары көп қиындық келтіруде. Біреуінде құжаты бар, бірінде жоқ. Сол үшін де осы мәселелердің барлығын мемлекеттік деңгейде экологиялық министрлікпен және тас зауытқа лицензия беретін ауыл шуаруашылығы министрлігіндегі азаматтарға да осы жайды жергілікті жерге әкеліп, бұрынғы жайылымдық жерлердің жайрап қалғандығын көрсету керек шығар деп ойлаймын.

Сырдарияның бойындағы мияның бәрін тасып біттік. Енді осы тас карьерлер арқылы жусан алқабын тауысып бітуге қалып жатырмыз. Одан бұрын осы Шорнақ ауылдық округіндегі және Сауранда жер асты сулары төмендеп кетті. Осы мәселелер жөнінде жоғарыдағы құзырлы мекемелерге хат жазамыз сырғытпа жауаптары дайын тұрады. Өзіміз барып тексеріп, анық-қанығын айтайын десек, «халықтың құлағын көтеріп, ел ішіне іріткі салып отыр» деп өзімізге қарсы шығады. Осы мәселелерге Сенат деңгейінде ықпал жасамасаңыз күштінің арты диірмен тартадының керімен бізге бағынбайды.