«БАЙ МЕКЕМЕНІҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖАЛАҚЫҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫР»

151

Сауран ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов:

«БАЙ МЕКЕМЕНІҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖАЛАҚЫҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫР»

-Құрметті Әли Әбдікәрімұлы, өзіңіз қызмет еткен ортамызға келіп, біздің өзекті мәселемізге қатысты тыңдау ұйымдастырғаныңызға рахмет. Әлеке, Сіз облыс әкімінің орынбасары, Түркістан ауданының әкімі қызметін атқарған тұстағы еңбектеріңізді ел біледі. Бір ғана мәселе, Сіздің бастамашылығыңызбен 2007 жылы атқарылған «Асар» әдісі әлі де өзекті. Сол кезде Қызыләскер елді мекеніндегі 1200 орындық мектепті «Асар» әдісімен салғызған едіңіз. Әлі күнге дейін балалар сонда оқиды. Ақсақалдар әлі да алғысын білдіріп отыр.

Осыдан екі жыл бұрын ашылған Сауран ауданындағы 106 мың адамның қуанышы әлі басыла қойған жоқ. Төраға болған соң ел ішін көп аралаймыз. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев ел мен билікті жақындату тұрғысында «Әділетті Қазақстан» атты үлкен бағдарламаны бастап кетті. Елдің Президенттің жанына топтасқандығын кешегі сайлауларда көрдік. Сауран ауданының ашылуы халықтың болашаққа деген сенімін нығайтты.

Мен 16 мың халық бар Шорнақ елді мекенінің өзекті мәселесіне тоқталмақшымын. Жаңадан көтерілген шаңыраққа шаншылатын әрбір уықтың өзі ретімен қадалғаны дұрыс болады екен.

Аудан құрылған кезден бергі бірінші айтылатын мәселе–бірінші жастарды отаншылдыққа патриотизмге тәрбиелейтін ауданда әскери коммисариат жоқ. Кентауға бағыныштымыз. Әскери комиссариат осында көшіп келіп, өздерінің патриоттық бағыттағы іс шараларын, жастарды әскерге шығарып салу рәсімдерін салтанатты түрде өткізгені жөн емес пе? Осыған байланысты Қорғаныс министрлігіне осы жайды жеткізсеңіз.

Екінші ұсынысым, ауданда 3200 мүгедек бар. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылары бар. Соларға ВТЭК дейміз. Олар осы медициналық комиссиядан өту үшін осы жерден 70 шақырымдағы, Майданталдан 120 шақырымға Кентауға барып ВТЭК-тен өтуі керек. Соны осында көшірсек, жас та кәрі де жақын жерден комиссиядан өтер еді.

Жаңадан құрылған аудан болған соң, бәрі жаңадан көшіп келіп жатыр. Бізде Аша, Қосмезгіл, Қызыләскер елді мекендері бар. Осы жерде «Қазпоштаның» үшеуі бар. Орталықтағы «Қазпоштамыз» торғай қамаса тұратындай емес. Аңғал-саңғал. Жалақысының жартысын алып, бір-екі қызымыз отыр. Ашада жарты ставкада. Қосмезгіл де бірде ашылады. Бірде жабылады. Бірақ мұның ғимараты жаңа. «Қазпошта» мекемесі бай. Жұмысшылары жарымай отыр. Мен бұл мәселе бойынша облыстық «Қазпоштаның» бастығының алдында да болдым. Бірақ тыңдайтын құлақ жоқ. «Қазпошта» аудан орталығынан өз қаражатына ғимарат салуға да қауқарлы. Сондықтан, «Қазпоштаның» ауданда дұрыс бөлімшесі ашылуына ықпал етсеңіздер екен.

Содан кейінгі мәселе, ауданда банкомат атаулы жоқ. Соның тарминалын іздеп қалаға сандаламыз. Ауданда не банкомат, не банкілердің бөлімшелері, филиалдары атаулы жоқ.