«АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ МЕКЕМЕСІНІҢ ХАЛІ МҮШКІЛ»

143

«Бабайқорған» ауылдық округінен Өтепберген Бабажанов:

«АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ МЕКЕМЕСІНІҢ ХАЛІ МҮШКІЛ»

-Әлеке, өзіңіз білесіз. Ауыл шаруашылығының проблемасы шаш етектен. Мәселен, ауыз сумен қамтамасыз ететін мекемеміздің техникалық жағдайының төмендігін айтпай-ақ қояйын. Материалдық-техникалық базасынан түк те жоқ. Олардың жұмысшылары еңбекпен қамту орталығына тіркеліп, солардан айлық алып отырғасын не дейсіз? Штаты да толық емес. Қарауыл, оператор, сантехник, слесары болуы керек. Құдай сақтасын, біреу солардың орталықтандырылған құдығына у тастап жіберсе, бүкіл ауыл қырылып қалады. Техникалық ақау шығып қалса, бүкіл ауыл болып, жабылып жұмыс жасаймыз. Бұл 21-ғасырда ұят тірлік емес пе? Меніңше, тұрғын-үй құрылысы мекемесі деген стратегиялық нысан емес пе?

Сондықтан, осы салаға тікелей инвестициялық қомақты қаржы керек. Осы мәселе республикалық деңгейде қаралса екен деп, сіздерге айтып отырмыз.

Екінші айтатын нәрсем. Тас зауыттар мың, екі мың гектарлап жерді алып алған. Тас зауытқа он бес-жиырма гектар да жеткілікті. Алған жерлері ауыл шаруашылығына қажетті жайылымдық жерлер. Біз таза ауылшаруашылығы ауданымыз. Олардың көбінің құжаттары ресімделмеген. Құзырлы органдар тексереді. Оған ешқандай шара көрілмейді. Біздің ойымызша, оларға жиырма гектарға дейінгі жерді қалдырып, қалғанын елге жайылымдық жер ретінде беру керек.

Әдепкіде жұрттың жайылымдық жерде құдық қазғандарына жетпіс пайызға дейін субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы ең дамыған Американың өзінде субсидия беріледі. Біз аграрлы мемлекетпіз. Қазір отыз пайыз ғана субсидия төленеді. Бұрын бес миллион теңгеге құдық қазсаңыз төрт миллион теңгені мемлекет беретін. Субсидияны мал бағып жатқан адамға, егіншіге берілуі керек. Сол кезде өзіндік құнының бағасы төмендейді. Өнімнің бағасы арзандайды. Оны тыңдап жатқан адам жоқ.