ТІЛ ЖОРҒАСЫ АТАНҒАН ЮЛИЯ ТҮРКІСТАНДА ТҰРАДЫ

604

Юлия Бусыгинаның есiмiмен көптен таныспыз. Өзге ұлт өкiлдерi арасында өтетiн байқауларда жеңiмпаз атанып, облыстан жүлдемен оралып жүрген Юлия қазақ тiлiн терең меңгерген. Тiптен, өзiнiң ақындық қасиетi бар, нағыз тiл жорғасының өзi. Бүгiнде Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында ағылшын тiлi пәнiнiң мұғалiмi. Ендеше, қазақ тiлiнде еркiн көсiлетiн Юлияның ой-пiкiрiн бiлейiк.
— Мен әуелi, «Тiлi бiрдiң — тiлегi бiр» атты республикалық форумға қатысып келгенiмдi мақтанышпен айтқым келедi. «Жетi жұрттың тiлiн бiл, жетi түрлi iлiм бiл» дегендей мемлекеттiк тiлдi бiлгендiктен форумға қатысу бақыты Түркiстан қаласынан маған бұйырыпты. Ұлтым орыс болғанымен жүрегiм қазақ деп соғады. Осындай жүрегiм бар өзiмдi бақытты сезiнемiн. Көптен арман болған Астанаға барып, форумға қатысып, Түркiстанның мерейiн үстем етiп қайттым. Және Түркiстанның мәртебесiнiң қаншалықты биiк екендiгiн сол Астанаға барған сапарымда сезiнiп, мақтанышпен оралдым. Сондағы алған әсерiмдi мына жыр шумағыммен жеткiзгiм келедi.
Талай да заман күн өткен,
Адасқан елiн түлеткен.
Азаттық таңы атқалы,
Боданның күнi батқалы,
Өзгелермен елдесiп,
Елу елмен белдесiп,
Бiрнеше ұлт өкiлi,
Қазақша еркiн тiлдесiп,
Нұр ағамның жолымен,
Келемiз бейбiт күн кешiп.
Ана тiлiм — орыс тiлiн қалай жетiк бiлсем, мемлекеттiк тiлдi де солай терең бiлемiн. Сонымен қатар, таңдап алған мамандығым ағылшын тiлiн де еркiн меңгергенмiн. Оның үстiне өзбек тiлiнде таза сөйлеймiн. Менiң төрт тiлдi бiлгенiм өзiме тек қана жақсылықтар әкелуде. Өзге ұлт өкiлдерi арасында өтетiн түрлi байқауларға жиi қатысамын. Осы орайда, мектеп-гимназия директоры Жаңыл Орынбаеваға айтар алғысым зор. Жаңағы айтқан байқауларға қатысуыма ықпал жасап, әрдайым көмегiн аямайды. Тiптен, байқауларға жиi қатысқандықтан болар, жан-жақты қырларым ашылып, бүгiнгiдей кең дәрежеге жетiп отырғаным мектеп басшысының арқасында деп айтқым келедi.
Кiшкентайымнан қазақ, өзбек қыздарымен дос болып, солармен ойнадым. Әсiресе, Айгүл, Инобат есiмдi қыздармен бала кезден доспын. Некрасов атындағы мектеп-гимназияның түлегiмiн, бүгiнде өзiм бiлiм алған шаңырақта, өзiмнiң сүйiктi ұстаздарыммен бiрге еңбек етудемiн. Қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен сабақ берген Тәңiрберген Аймұратов ағайыма рахмет, қазақ тiлiнiң нәрiн тереңiнен сусындатқан,-деген Юлия Бусыгинаға біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ләззат Сарыбаева
Түркістан облысы