ҰСТАЗ БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ БАТЫРЛЫҒЫ

390

Қарапайым ғана естілетін «ұстаз» сөзінің астарында орасан білім, махаббат пен сүйіспеншілік, таудай еңбек жатқанын байқай бермейміз. «Ұстаз болу – жүректің батырылығы» – деп ақын Ғафу Қайырбековтің мұғалімді батырға теңегені де жайдан-жай емес. Себебі, бұл саланы меңгеру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеп, оны биікке жетелеп, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Мектеп қабырғасына тарыдай болып кірген күннен бастап баланың еркелігін көтеретін де, дәріс бере отырып сүйіспеншілікке баурап, махаббатпен тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Тіпті, алтын ұядан таудай болып түлеп ұшқан күнде де талабыңызға тілекші болып, жетістігіңізбен мақтанып отыратын тағы да ұстаз.

Мен 40 жылға жуық ұстаздық тәжірибемде білім саласындағы түрлі кезеңдердің куәсі болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше айлар бойы жалақысыз да жұмыс істедік. Сол уақыттарда балалар білімсіз қалмасын деген ой болды. Барлық саладағы қызметкерлер еліміздің енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан мемлекет екендігін түсініп, тек дамуы үшін үлесін қоса білді. Ал, қазіргі кезең мүлде басқаша, еліміз дамып, ұстаздар мәртебесі көтеріліп, жалақысы көбейді. Қағазбастылық азайды. Бұл жылдар бойы жиналған тәжірибе мен білім беру реформаларының нәтижесі. Қазақстандағы білім беру жүйесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталып, кейінгі жылдары елеулі өзгерістер орын алуда. Қазіргі уақытта ғылым, техника және ақпараттық кеңістік үздіксіз динамикалық даму үстінде. Балабақшалардың, мектептердің, жоғары оқу орындарының қызметінде реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістердің барлығы қазақстандық білім берудің сапалы үлгісін құруы тиіс.

Қазіргі балалар жан-жақты. Әрбір оқушының жеке психологиялық ерекшеліктері бар, ол белсенді немесе пассивті болуы мүмкін. Сондықтан әрбір оқушы – қайталанбас қабілеттердің қоймасы. Оны уақытында байқап, оқу процесінде дамыту маңызды.