ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 155 БАЛАНЫ ОҚЫС ОҚИҒАДАН ҚҰТҚАРҒАН

191
Елімізде 19 қазан – құтқарушылар күні. Соған байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекзат Қамбаров құтқарушылардың атқарған жұмысы туралы баяндап, жетістіктері мен халық үшін атқарған қызметі жайлы айтты.
Үшінші мегаполистегі ТЖ департаментіне қарасты 9 өрт сөндіру бекеті мен 5 аудандағы төтенше жағдайлар басқармасында 900-ге жуық қызметкер қызмет атқарып жатыр. Мекемелердің техникамен жабдықталуы 89 пайызды құрайды.
Б.Қамбаровтың айтуынша, осы жылдың 9 айында департаменттің 101, 112 шұғыл байланыс нөміріне 200 мыңнан астам қоңырау түскен. Түскен қоңыраулар бойынша құтқарушылар 2 547 орындағы өртті сөндіріп, 348 авариялық-құтқаруға, 6 іздестіруге және 234 рет халыққа түрлі бағыттағы құтқару көмегін көрсеткен екен. Осылайша 234 адам ТЖ қызметкерлерінің көмегімен құтқарылса, оның 155-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар.
Осы жылдың басынан бүгінге дейін Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау үшін 2385 оқу-жаттығуы өткізілген. Құтқарушылар қандай қиындық болмасын азаматтарды оқыс оқиғалар мен өрттен құтқару ісін қалтықсыз атқарып отыр.
Кәсіби мереке мен 25 қазан – Республика күніне орай Шымкенттегі ТЖ-нің 20 қызметкерін марапаттау үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсынған. Оның ішінде атақ беру, төс белгі және грамота бар. Сонымен қатар, екі қызметкерге Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
«Шымкент келбеті»