ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

327

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес білім нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы қатаң бақылауда. Осы орайда Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты 95 мекеменің 55-і жылту маусымына толықтай дайын болғанымен 40 білім беру ұйымының жылу жүйелерінде әртүрлі ақаулар анықталған. Анықталған ақаулықтарды қалпына келтіру үшін білім беру ұйымдарына Жетісай ауданының білім бөлімі үнемделген қаржы есебінен қажетті заттарын алуда.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов аудандағы ақауы анықталған мектептерде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Білім бөлімі тарапынан үнемделген қаржы есебінен сметалық есептеме әзірленіп, нәтижесінде 4 мектептің жылу жүйесіне ағымдағы жұмыстары жүргізіліп жатса, 8 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан (көмірден) табиғи газға ауыстыру бойынша 6 мектепте тиісті жұмыстар басталып, қазан айының соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Жұмыстарды зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына ескерту берген аудан әкімі нәтижесін өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Айта кетейік, 37 мекемесі қатты отынмен, 36 мектебі мен 19 балабақшасы табиғи газбен жылытылатын аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерге қажетті 6650 тонна қатты отынның 5180 тоннасы, яғни, 78 пайызы жеткізілген, 1470 тонна көмір мердігердің қоймасында сақталуда.
Бөлімге қарасты жалпы және негізгі орта, қосымша білім беру, мектепке дейінгі ұйымдарының 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында жылыту жүйелерін гидравликалық қысымдаудан өткізілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі