ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

106

Сауран ауданында сүтті қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Зауыт жылына 4 мың тоннаға жуық сүт өнімдерін шығарады. Мекемені магистралды газ құбырына қосу мәселесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кезекті Инвестциялық штабтың кезекті отырысында қаралды. Облыс әкімі жаңа жоба бастаушылар көтерген мәселелерді шешуді тапсырды. Инвесторлардың басым бөлігі инфрақұрылым тарту мәселесін ортаға салды.

Бұрынғы Кентау экскаватор зауытының аумағында жаңбырлатып суару қондырғыларын құрастыратын кәсіпорын салынып жатыр. Жаңа суару әдісінің арқасында тіпті диқандардың өз күштерімен игере алмай жүрген бос жатқан жерлері де тиімді пайдаланылатын болады. Ауыл шаруашылығы техникасы сұранысқа ие. Ай сайын 50 қондырғы жасап шығаратын зауыт алда жылына 500-ін сатуға шығаруды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина қызмет көрсетуде жеңіл әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы — экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Мекеме басшылары газ мәселесін ортаға салды.

Әр жобаға жеке тоқталып өткен обоыс басшысы, туындаған және туындауы мүмкін деген мәселелердің уақытылы шешімі үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Әр жобаға барынша көмек көрсетілетінін, жер телімі және инфрақұрылым секілді мәселелер шешімін табатынын айтты.

— Инвестициялық жобаларды тарту жұмыстарын күшейту керек. Бұл мәселе тұрақты бақылауда.

Барлық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін белсенді жұмыс қажет. Басым бөлігі инфрақұрылым мәселесін көтеріп отыр. Бұл жайттар жаңа жобалардың жүзеге асуына кедергі болмауы тиіс. Нәтиже қазір керек. Уақыт созуға болмайды. Жұмыс орындары қазір керек,- деді Дархан Сатыбалды.

Мақтаарал ауданында құс фабрикасы салынды. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін шығаруға қауқарқы. Құрылыс толық аяқталуға жақын. Штаб отырысында инвесторлар фабриканы табиғи газға қосу мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырма берді.

Азық-түлік пен кондитерлік өнімдерді сақтайтын қойма Сауран ауданында салынды. 150 тонна өнім сақталатын қоймаға 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Су мәселесі жайлы айтқан кәсіпорын басшылығы зауыт аумағын арттыруды көздеп отыр. Кәсіпкер сондай-ақ балмұздақ шығаруды жоспарлаған.

Сауран ауданындағы мақта және мақта талшықтарын қайта өңдеу зауытын салу бойынша сөз алған инвестор электр жарығымен қамтуға қатысты қолдау қажеттігін айтты. Ал, Сауран ауданында жылына 20 мың жиһаз жасайтын фабрика салынбақ. Инвестор 650 адамды тұрақты жұмыспен қамту үшін кәсіпорынды ұлғайтуды көздейді.

Жиналыста Арыс қаласында салынып жатқан астықты сақтауға арналған элеватор және көлік-логистика орталығының құрылысы жобалары бойынша айтылды.

Түлкібас ауданындағы жемістер мен көкеністерді өңдеу және консервілеу жобасы бойынша инвестор бірқатар мәселені мәлім етті. Кәріз жүйесіне қатысты мәселе жауапты басшыларға тапсырылды. Сонымен қатар жеңілдетілген несие алу бойынша ұсыныстар айтылды.

Инвестциялық штаб отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыста тұт кластерін құру бойынша жұмыс барысы баяндалды. Сондай-ақ аудан, қалаларда орналасқан индустриалды аймақтардың қазіргі жағдайы бойынша Келес және Мақтаарал аудандарының әкімдері есеп берді.