САУРАНДЫҚ САРБАЗДАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

175

Бүгін Сауран ауданы әкімдігі мен Түркістан қаласы және Сауран ауданының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының ұйымдастыруымен «Отанды қорғау – азаматтық борышың» атты әскерге шығарып салу рәсімі өтті.

Отан алдындағы абыройлы борышын өтеуге Саурандық 11 жас аттанды.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары С.Садибаев, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы С.Байсбаев, «Қарулы Күштер Ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Б.Алдабергенов, Түркістан қаласы және Сауран ауданының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, полковник Д.Нұржанов арнайы қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды.

Шарада жас ақын, бірнеше байқаулардың жүлдегері Аманқұл Қазыбек сарбаздарға жырдан шашу шашты.

Шара барысында Сауран аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Тұрды, Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Т.Ақай құттықтау сөз сөйлеп, елді қорғауда сарбаздарға сәттілік тіледі.

Жас сарбаздардың ата-анасы Аймаханова Шарипа шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, әскерге шақырылушыларға аналық лебізін білдірді.

Сонымен қатар, шарада патриоттық әндер шырқалып, жас сарбаздарға сыйлықтар таратылды.

Шара соңында зейнеткер, еңбек ардагері А.Бабашов әскери борышын өтейтін жастарға ақ батасын берді.

Жыл басынан бері әскерге Сауран ауданынан 100-ден астам сарбаз аттанған.

Бұл жолы әскерге аттанғалы тұрған 11 сарбаз Отан алдындағы борышын өтейтін болады.