ЖЕРДІҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

119

Қазақстанда жайылымдық жер жетіспейді. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында көрсеткіш жоғары.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. Ведомство басшысының мәліметінше, Қазақстан Республикасының Жер балансына сәйкес, жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 82,4 млн гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Соған қарамастан, халыққа мал жаятын жер тапшы. Бұл ретте 63,9 млн гектар – бос жатқан жерлер, 21,2 млн гектар – елдімекендерге іргелес жерлер және 15,9 млн гектар – басқа санаттағы, яғни, орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн мал бар.

«Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7% өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16% құрады», – деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн мал бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін.

Республиканың 17 облысы ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жайылым тапшылығы байқалады.

Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.

Бұл ретте Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.

«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, 16 қаңтардан бастап елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.