«АУЫЛ АМАНАТЫ» ШАРУАЛАРҒА СЕРПІН БЕРДІ
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Оранғайлық шаруалармен кездесті. Кездесуде «Ырыс» МҚҰ-ның өкілдері де бар. «Ауыл аманаты» тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға арналған пилоттық жоба. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары шаруаларға пилоттық жобаны қысқаша түсіндірді.
— Жоба — халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді.
Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілуде. Несиелендіру 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтсақ: Өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау.
Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК); жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8625000 теңгеге дейін (2500 АЕК)
Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай; ең ұзақ мерзімі – 84 ай. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған,-деді Ермек Кенжеханұлы.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты Қарашық және Оранғай ауылдық округтері таңдалып отыр.
Себебі, аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорындары, жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар және ауласында негізінен көкөніс өсіріледі.
Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімі жасақталды. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге екі ауылдық округте 153 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1079 млн.теңге.
Ал аудан әкімі өз кезегінде пилоттық жобаға тағы екі ауыл қосылатынын айтты.
-«Ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқын микрокредиттер беруге кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша облысқа 2023 жылға республикалық бюджеттен қосымша 8,7 млрд.теңге қаражат бөлінген. Осыған орай, несие қаражатын тиімді және мерзімінде игеру мақсатында қаржыландыруды жүзеге асыру үшін бұған дейін анықталған ауылдық округтерден бөлек 2 ауылдық округ таңдалып отыр. Олар Майдантал және Ескі Иқан ауылдық округтері,- деді Ғалымжан Үсенбаев.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасарына шаруалар да өз мәселелерін жеткізді. Көтерілген мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Кездесу соңында «Аль Береке» шаруа қожалығының төрағасы А.Сүлейменов облыс әкімінің орынбасарына өз шаруашылығын таныстырды. Шаруашылық төрағасының айтуынша пайызы төмен несие алса, өз шаруасын кеңейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтымақ.
Айта кететін тағы бір жайт ауданда пилоттық жобаны шаруалар арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды.
«Сауран-ақпарат».