«САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУ КЕРЕК»
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың төрағалығымен аудан көлемінде санитарлық тазалық талаптарын сақтау мақсатында жиналыс болып өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Рысбеков хабарлама жасады. Бөлім басшысы Сауран ауданы бойынша полигондардың санитарлық нормаларға сәйкестігі мен ауылдық округтердің санитарлық тазалығына тоқталып өтті. Ауданда 12 ауылдық округте 9 полигон бар болса, 2022 жылы Ескі Иқан, Үшқайық ауылдық округтерінің полигондарын қоршау жұмыстары және Оранғай мен Шорнақ ауылдық округтерінде полигондарды қоқыстардан көму жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімінің 2022 жылғы қараша айындағы қаулысына сәйкес, барлық полигондар «Сауран қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өткізіліп, қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көмуге арналған тарифтерді есептеуге нормативтік құқықтық актісі бекітілген. Көпқабатты тұрғын үйлерге — 1 тұрғынға 43 теңге, жер үйлер — 1 тұрғынға 125 теңге, кәсіпкерлік нысандар — 1 м3 705 теңге болып бекітіліп отыр.
«Сауран қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 39 қызметкер еңбек етеді. Мекемеде 3 техника бар (Экскаватор 3в1, манипулятор, УАЗиК) және 4 техниканы (погрузчик, самосвал, трактор 2 дана) жалдауға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 10 000,0 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда «ИСА-Құрылыс» ЖШС-мен келісім-шарт түзілген. Қосымша, 4 техникаға (погрузчик, водовоз, автовышка, мусоровоз) сатып алуға конкурс жарияланған.
Аудан әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелерді саралай келе, тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне полигондардың санитарлық нормаларға сәйкестігін, тазалық жұмыстарын күнделікті жүргізуді және тұрақты бақылауды қадағалауды тапсырды.
«Сауран – ақпарат».