АУЫЛЫ – АЛТЫН БЕСІГІ АБАЙДАН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР

154

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы шығармашылыққа бейім, зиялы қауым өкілдерінің Тельман Әбдібекұлы Бейсеновті білмейтіндері некен саяқ. Ол «Turkistan Mediа Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры. Бір ғана басында журналист, медиаменеджер, тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан бас редакторлар клубының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Түркістан облысының 2019 жылғы «Үздік журналисі» аталымының иегері болуы сегіз қырлы бір сырлы, сан-саланы бір басында тоғыстырған ғажайып шығармашыл жан екенін көрсетеді.

Себебі, Тельманның олай болмасқа лажы жоқ. Өйткені, Тельман Әбдібекұлы ауданға белгілі «дала академигі» Әбдібек қажының «ғалымдар отбасында» дүниеге келген. Сауран ауданы, Бабайқорған ауылындағы Қаратаудың бөктеріндегі табиғаты тамылжыған, тарихы терең Абай елді мекенінде дүниеге келгені, «Абай атындағы мектепті бітіргені, бала жасынан туған өлкесіне деген патриоттық сезімінің жоғары болуына, азамат болып ержеткесін еліне кіршіксіз адал қызмет етуіне ықпал еткені сөзсіз. Оның сыртында қажы, елдің батагөй ақсақалы Әбдібек Бейсенов пен Ұлпатшадай текті тұқымды асыл анамыздың қамқорлығында тәрбиеленуі жасынан ілім-білімге, ұлы істерге бастағаны айқын.

Туған жерге әр оралған сайын бойын шексіз сағыныш билейді. Тіпті орта мектепті ойдағыдай бітіріп, өндірісті қала Теміртаудағы жоғары техникалық оқу орнында инженер-механика мамандығы бойынша оқып жүрген жас жігіт кезінде де осындай кіндігі байланған ата мекеніне деген айырықша сезім оны екінші курстан кейін қайтадан туған ауылы Абайға алып келген. Өйткені, ол қаршадайынан осы жерде еңбекке баулынып, бейнеттің жемісті зейнеті болатынын жан-жүрегімен сезініп өсті.

– Біз үлкен өмірге қадам басып, еңбекке араласа бастағанда елдің жағдайы қиын еді. Тәуелсіздік алар тұста нарық экономикасымен қоса тоқырау келіп, дәулеті тасыған колхоздар мен совхоздардың аз уақытта күйі тайып, көз алдымызда тарап жатты. Адамдардың күн көрістері нашарлай бастаған кез-тұғын. 30 жылдай агроном болған әкем зейнетке шығысымен Түркістан ауданында алғашқылардың бірі болып алдымен ауыл іргесіндегі Сарыбай алқабында кооператив, артынан «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашты. Сол тұстарда совхоздың төрт түлігі мен малына жұрт жабыла жармасып, техникасын талап жатқанда әкем малына да, көлігіне де қол созбады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп ұлдарына совхоздан бір түйір шеге де алдырмады. «Бәрін өздерің еңбектеніп, дүние жиып, сатып аласыңдар» деп бір-ақ кесті. Тек шаруашылығына жер ғана алды.

Үйдің жанынан пісте май өңдейтін цех ашып, мал өсіріп, біраз адамға жұмыс тауып берді. Ауылдың шетінен жер алып, бау-бақша, егін салдық. Таудың тасынан әктас күйдірдік. Не керек, шаруа аяққа тұрды. Міне, осы қажырлы қайрат пен темірдей төзімді қажет ететін істің бел ортасында мен де жүрдім, – деп еске алады Тельман.

Алайда, қаршадайынан журналист болсам деген арманы оған маза бермеді. Бұған да әкесі Әбдібек ақсақал себепкер. Есі кіріп, әріп тани бастаған шағынан бастап, кітап оқуға баулыды. Әбекең атпен, ұлы Тельман тайға мініп, егінді алқаптар мен даланы аралап жүріп, үнемі ауылдың ежелгі тарихын шертіп, көнекөз қариялар қалдырған шежірелерді қаузайтын. Осының бәрін баласының құлағына құя бастағандағы мақсаты – зерек ұлдың болашақта жазу ынтасы оянып, қисапсыз қазынаны қаламының ұшына іліктіре ме деген үміт пен сенімі еді.

Өйткені, Әбдібек ақсақал әкеден тірідей, анадан жастай айырылып, жетім қалған еді. Әкесі Абылай ес білер шағында «халық жауы» деген жаламен тар қапасқа қамалып, артынан соғыс басталған тұста қан майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кетіпті. Көптеген арманына қу жетімдік кедергі келтірді. Оның үстіне әке ошағының түтінін өшірмеу мақсатында үлкендер ертерек үйлендіреді. Агрономдық мамандыққа оқығанымен, ары қарай ауылдан ұзап шыға алмапты. Сол себепті, өзі жете алмағанына ұлым жетсе екен дегені болса керек, ұлдарын білімге тәрбиелеуден еш жалыққан емес.