ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАР
Тағдырлы жазушы Хамза Есенжановтың қаламына арқау болған Ақжайыққа келісімен Тельман журналистиканың қыр-сырына терең бойлай бастайды. Жергілікті «Еділ-Жайық» қоғамдық-саяси газетінде қызмет атқарып жүргенде және басылымға бас редактор болған тұста да қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды мансұқтағысы келетіндердің әрекетіне басылым қызметкері Екатерина Макеева және өлкеге танымал журналист Мұнайдар Балмолда сынды басқа да жергілікті қаламгер азаматтармен бірлесіп, тойтарыс беріп жүрді. Газет бетінде астамшыл пиғылдағы кейбір адамдардың, әсіресе, орыс-казактардың түрлі айла-құйтырқы әрекеттерін әшкерелейтін ойлы, өрелі мақалалар жұртшылық арасында қоғамдық пікір туғызып отырды.
Әсіресе, 2006 жылы Орал қаласының отыздан астам көшесі бірден ұлтымыздың ұлы перзенттері Ғұмар Қараш, Құрманғазы, Сырым Датұлы, Мұхит Мерәліұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Кенесары, Әбілқайыр, Жұбан Молдағалиев, тағы басқа да көптеген тарихта орны бар адамдардың атына өзгерген кезде өре түрегелген топтардың қарсылығын тежеуге атсалысты. Соның арқасында «төр менікі» деп өктемсіген өркөкіректердің ауыздарына құм құйылды. Осы тұста оған ұлтжанды азамат, сол кезде Орал қаласы әкімінің орынбасары болған Аманжол Зейнуллин көп көмектесті.
«Әкем журналистика саласына қызығушылығымды оятып, бейімдеген болса, Аманжол Зейноллаұлының аз уақыт ішінде осы саланың маманы ретінде қалыптасып, саясатта шыңдалуыма көп септігі тиді.