ҮШ ЧЕМПИОН ТӘРБИЕЛЕГЕН АНА

223

Спортшылардың физикалық тұрғыда баптаған бапкердің еңбегі бағаланып жатады, ал үйде тамағын, бар жағдайын жасап отырған адам – ана, әйелі жайында қоғамда сөз қозғала бермейді. Бүгінгі әңгімеміз елімізге танымал ұстаз-спортшы, халықаралық дәрежедегі бапкерЖақыпбек Қасымбековтың аяулы жары Мария Ботайқызы Жаздықбаевамен бірге өрбіді. «Әр күшті еркектің артында ақылды әйел тұр» дегендей қас-қабақтарына қарап, жеңіспен келсе бірге қуанып, жеңілсе дем беріп отырған ана Мария Ботайқызынан -Балаларыңыз жарысқа түсіп, тікелей эфирден көрсетіп жатқанда қарайсыз ба?- деген сұрағыма, – «Жоқ қарай алмаймын. Олар қалай шаршы кілемге шығады мен басқа бөлмеге барып, жайнамызымды жайып, Құдайға сыйынып, сүрелерімді оқып, қашан бітті дегенше тілеулерін тілеп отырамын, -деп жауап берді. Баласы атқа мінсе ата-анасы тақымын қысады деген қазақта сөз бар. Ия, анаға балаларының жарыстағы күресін, жекпе-жегін қарай алмау заңдылық. Өзі мықты, жүрегі нәзік Анаға баласының әрбір алған соққыларын көру де ауыр тиері анық. Бір отбасының азаматтары біріңғай дзюдо, самбо, күреспен айналысады. Екі бала да әке жолын қуып осы спорт түрлерін дамытуға атсалысып жүрген ұрпақ.

– Мария апай, қайда білім алдыңыз, еңбек жолын қалай бастадыңыз?

– Мектепті үздік бітірдім, бірақ әкем басқа қалаға оқуға түсуіме қарсы болды. Себебі, алдымдағы әпкелерім Алматыда институтта оқып жүріп, күйеуге шығып кеткен болатын. Әкеме институтты бітірген соң бір жыл жұмыс істеп, содан кейін қолдан ұзатыламын деп уәде беріп, рұқсатын әрең алдым. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына 2 жыл қатар барып түсе алмай, 3-ші жыл дегенде түсіп, қызыл дипломмен бітірдім. Оқудың соңғы курсында желтоқсан оқиғасы болды. Осыған байланысты бір жыл студенттерді өз елдеріне қайтарды. Солай дипломды бір жыл кешіктіріп алдық. Қызыл дипломмен бітіргенімді қайтейін Түркістанда еш жер жұмысқа қабылдамайды. Алматыда бітіріп келген соң Желтоқсанға қатысты деп қорықты ма, жұмыс таба алмай шарасыз күйге түстім. Егер екі айдың ішінде жұмысқа орналаспасам 5 жыл алған білімім күйіп кетпек. Поездге билет алып Алматыға жол тарттым. Тағдырым шешілетін соңғы күні Білім министрі Ш.Шаяхметовке тікелей бардым. Министрдің алдына алғаш баруым жылы қабылдап, мән-жайды сұрады. Еш жер жұмысқа алмай жатқанын, дипломым бүгін жұмысқа орналаспасам жарамсыз болып қалатынын айттым. Түркістандағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық колледжде бос 13 орын бар екендігін айтып, өз қолымен жолдаманы жызып, маған ұстатты.

Жұмысқа алмай жатқан директор министрдің қолы қойылған жолдаманы көріп, толық сағатпен жұмысқа қабылдады. Адамнан пендешілік деген қалмаған ғой, алты айға дейін артыма түсіп алды. Келген комиссияларды менің сабағына кіргізеді, күнде тексеру. Бірақ өзімнің білімімді дәлелдеп шығып, сайыстардан жүлделі орын алған соң 1-ші дәреже берді. Жұмысты солай 1-дәрежелі маман болып бастап кеттім.

– Балаларыңыздың спортпен қанша жастан айналыса бастады?

– Ұлдарым 1-сыныптан бастап спортқа қатысты. Екі ұлымнан үлкен қызым бар осы университетте оқып бітірді. Ол да спорттың гимнастика мен тоғызқұмалақ түрлерінен жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған еді. Қазір отбасылы, дәрігер болып қызмет істейді, – дейді жүзі нұрлана Мария апай.

– Бір үйдегі үш спортшының бабы мен күтімі жайында айта кетесіз бе?

– Ер адам түздің адамы, спортшы болса тіптен жарыстардың уақытында айлап үйде болмайды. Қазір енді үшеуін кезекпен шығарып салып, күтіп аламын. Бұл олардың жұмысы, тек өздерінің емес елдің намысын қорғайды. Сондықтан олардың тамақтары, киім, жабдықтарының тазалықтары барлығы менің мойнымда. Спротшылар тек буға піскен, қайнатылған тағамдар мен көкөністер, жеміс-жидектер жейді, ағарған ішеді. Тағамдарды мен үйде дайындаймын. Бие ұстаймыз, ешкі, сиыр сауамын, айран, сүзбе, құртын жасап қоямын. Бау-бақшамыз бар. Алма, өрікті кептіріп, сақтаймын. Балаларыма барынша табиғи өнімдеріді жегізуге тырысамын. «Ас адамның арқауы» дегендей тоқ адамның дайындығы да жақсы болады. Әрине үйде болған кездері отағасы мен балаларым да шаруашылыққа көмектеседі.

– Бапкердің жары ретінде ағайдың жарыстарға дайындайтын шәкірттеріне сіздің де үлес қосқан кезіңіз болды ма?

– Ағайыңмен шаңырақ көтергелі үйден әлі күнге қонақ үзілмейді. Ал шәкірттерін мен қосыла баптап жүрмін демсем де болады. Қаншама спортшы-шәкірттері үйде жатып, оқуларын бітірді. Олардың ас-суларын дайындап, киімдерінің тазалығына дейінде қараймын. Қазір сол шәкірттері елге танымал азаматтар – Роман Төреханов, Ғалымжан Худияров, Марат Надыров, Дархан Төрәділұлы, Бақытжан Опанов «Азиада-2018» ойындарының жеңімпазы Бағлан Ибрагимов 1-курстан біздің үйде тұрып, жаттықты. Ал шәкірттері Марат, Шәукәт, Өскен қазір университетте бапкерлік қызметте.

Бұл жігіттердің барлығы дерлік біздің үйде жатып, оқып еді. Күнделікті жаттығуларына қазы, сәбіз пісіріп, қолдан жабылған қара нанмен қосып беріп жіберетінмін. Палуанның жейтін тағамдары құнарлы болуы керек. Жатақханада жағдайлары бола бермейді. Ағайыңның барлық шәкірттерін өз баламыз сияқты екі жақтан баптап қадағалайтын едік. Осы күнге дейін шәкірттерін үйге жатқызып, баптайды. Студенттік жатақханада жататындарына ағайың «олардың қайбір жағдайы болады дейсің» деп әлі күнге дейін үйден тамақ тасып жүр. Жарыстардан жүлделі оралса сол еңбегіміздің өтеуі деп риза боламыз.

– Мария апай, ағай екеуіңіздің шаңырақ көтергендеріңіз жайлы, спортшының жары қандай болу керек екенігін айтып берсеңіз. Болашақ жар болар қыздар да біле жүрсе.

– Құрбымның тойында жолдас қыз болдым. Жақыпбек жолдас қызымның күйеуінің досы екен. Екеуімізді табыстарған достарымыз. Мен ол кезде Түркістан педагогикалық училлищесінде мұғалім болып жұмыс істейтінмін. Жақыпбек ағайың мектеп мұғалімі. Таныстықтың арты ұсыныс жасауға ұласты. Ол кездері алып қашатын уақыт еді ғой. Мен құда түсіп кел, үйден ұзатылып шығайын дедім. Өйткені «оқуды бітіріп, бір жыл жұмыс істеп, үйден ұзатыламын» деп әкеме берген уәдем бар еді. Тойымды әкем көре алмады, 1987 жылы келмес сапарға аттанып кетті. Инситутты бітірген соң бір жыл жұмыс істеп, әкеме берген уәдемді орындап, 1988 жылы мен тұрмысқа шықтым.

Ағайың ол кезде техникум бітірген екен. Отбасын құрған соң ақылдаса отырып Жәкең институтты оқып, бітірді. Университет ашылғаннан кейін екеуімізді де осында жұмысқа шақырды. Университетте жұмыс істеп жүріп кандидаттық қорғадық. Міне содан бері оқытушылық қызметтеміз.

Қыздарға айтарым негізінде әйел ерінен бір саты төмен тұрады. Біздің отбасымызда қаржы жағын ағайың басқарады. Қаражатты кім ұстаса да үйге кірген кіріс пен шығысты біліп отырасың. Сондықтан таласудың еш керегі де жоқ. Жетпеген нәрсені жеткізуге әрекет еткен дұрыс. Мен 6 жыл бала күтімімен отырдым. Үйіміз қаладағы 15-ші мектептің қасында болатын. Бір жалақы жетпейді, сол кездері пирожки, самса пісіріп сатқан күндерім де болды. Балаларым кішкентай кезінде жарысқа кеткен әкесін сағынып жылағанда, иісі сіңген көйлегін иіскетіп жұбататынмын. Мектептегі жиналыстарына да барамын, сабақтарын да өзім қадағаладым. Балаларымның үшеуі де университетті грант негізінде оқып бітірді. Жас күнімізде көп қабатты үйде тұрдық. Жер алып, өз күшімізбен үй тұрғыздық. Жазғы демалыстарда Жәкең «шабашка» жасайды. Екеуіміз де қарап отырмайтын едік.

Жарысқа айлап кететін уақыттары да болады. Спортшының әйелі сағатқа емес, күнтізбеге қарайды. Жеңіске жетіп көңілді оралса бірге қуанып, жеңіліп келсе қас-қабағына қарап, сабырға шақырып, соның көңілін тауып отыруың керек. Жұмысқа барып келемін де ас-ауқатқа кірісемін. Спортшылардың тамақтану салты бір басқа қуырған тамақ болмайды. Буға піскен, қайнатпа тағамдармен тамақтаулары керек. Салаты мен тәттісі өз алдына. Жаттығудан келген соң сөмкелеріндегі киімдерді жуып, кептіріп таңертеңгіге дайындап қоюың да керек. Сонымен қоса, мал, бақша барлығы өзіңе қарап тұрады. Әйел адам барлығына уақыт жеткізіп, үлгеруі керек. Өз жұмысыма тірлікті бітіріп барып түнде отырамын.

– Апай, қаншама жасты тәрбиелеп, білім беріп отырсыздар. Үйіңізде небір жүлдегер жастардың жағдайын жасадыңыз. «Жасаған жақсылығың алдыңнан шығар» деп жатамыз. Сіздің еңбегіңіз еленді ме?

-Жақыпбек ағайың дайындаған әрбір жеңімпаз-студенттеріне мен де атсалыстым деп айта аламын. Адамға күш беретін құнарлы ас емес пе, олар менің дайындаған тағамдарым мен бие, сиыр сауып дайындаған ағарғандарым, көктем басталғаннан бау-бақшада егіп, өсірілген көкөністер мен жеміс жидектерді жеп қуаттанды. Кейде ағайыңа неге маған да ең болмаған да бір Алғыс хат бермейсіңдер деп әзілдеп айтып отырамын.

Ұстазын сыйлап, туғанымыздай болып кеткен шәкірттері көп. Университет қабырғасынан шыққаннан кейін, кейбір спортшылар үлкен додаға баптап қосқан бапкерлерін ұмытып кететін жағдайлар да болып тұрады. Осындай сәттерде «көзден кетсе көңілден кетеді екен» деп қаласың.

Біреуге жақсылық жасасаң міндетті түрде келеді. Оны өз басымнан көптеп көріп жүрмін. Білім берген білімгерлерім ұстаз деп ұмытпай құрметтеп жүретіні өз алдына. Бір оқиғаны айтып берейін. Мен диплом алып келіп пед.колледжге жұмысқа орналасып, бір жылдан соң тұрмысқа шыққаннан кейін мемлекеттен төрт бөлменің екі бөлмесін берді. Ол кезде жолдамамен келген жас мамандарға пәтер беретін еді. Бір пәтердің екі бөлмесінде біз, екі бөлмесінде бір татар апа тұрады. Апа жалғыз өзі. Балалары Ресейде тұрады-ау деймін, келмейді. Көрші апамызға күнделікті өзіміздің дайындаған тамақтардан беріп, қолымнан келген көмегімді көрсетіп жүрдім, бірге әңгіме айтамыз. Кейде балаларына қыдырып кетеді. Сол кісі қызына екі бөлмесін маған қалдырамын деп өсиет хат тастап кеткен екен. Апа бақилық болғаннан соң қызы анасының екі бөлмесін сатпақшы болып біраз әрекеттенді. Апамыз сол күндері қызының түсіне «өсиетімді орында» деп кіре беріпті. Ақыры қызы маған апаның өсиеті бар екенін, түсіне кіріп тыныштық бермей жатқанын айтып, екі бөлмені сыйға беріп кетті.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мария апай университет ашылған күннен бастап ұстаздық етіп келеді. Екі ұлы да оқу ордамызда білім алған белгілі споршылар Жәнібек пен Тоқтарбек Айдарбековтер. Бір шаңырақтың адамдары түгелдей университетке еңбектері сіңген десек болады. Бір шаңырақтан үш чемпион шығып отыр.

 

Қазақ әйелінің үйдегі тірлігі атан түйеге жүк боларын біреу білсе, біреу біле бермейді. Үйдің ұйытқысы, жылуы, берекесі әйел-ана. Бүгінгі кейіпкеріміз Мария апай екі немере сүйіп отырған бақытты әже. Өмірде табандылық көрсетіп, адал еңбекпен құрметке ие болған ұстаз. Мәрия ананың бойынан қазақ әйелдерінің жарқын бейнесін көрдік.