БИЛІК ФЕРМЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРУДА

60

«Ауыл – ел асыраушысы» десек те, іс жүзінде бәрі басқаша. Бұл туралы Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесінде: «Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», — деп атап өтті.

Бұл мәселені Парламенттегі «Ауыл» партиясының фракциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағдары арқылы шешуді ұсынады. Осы мәселені ескере келе, «Ауыл» партиясының фракциясы ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловтың атына келесідей ұсынысты жолдайды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі.

«Ауыл ежелден-ақ халқымыздың ұйытқысы, ырыстың бастауы болып саналады. Қазақтың қасиетті құт мекені – ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Онсыз да саны жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауыл жағдайы құлдыраса қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ.

Осы орайда, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге барынша қолдау көрсету. Бұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғуда. Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискальды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал, оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту.

Бірқатар дәйектерді мысалға келтіруге болады. Мәселен, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің нөл бүтін оннан бес пайызына да жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді деп есептейміз. Соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш тілектер жолдаған екен. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаяды»,-дейді Парламенттегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары.

Парламент депутаттарының Үкіметке ұсынысын қарай келіп, жедел түрде фермерлердің арзандатылған тыңайтқыштарды алу рәсімін жеңілдетті. Жыл соңына дейін агрохимиялық картограммалар мен алқаптарды цифрландыру бойынша талаптар алынады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Түркістан облысы мен көршілес өңірлердің фермерлерінен арзандатылған тыңайтқыштарды алу мүмкіндігінің жоқтығы туралы көптеген өтініштер келіп түсіп жатыр. Олар мұның себебін фермерлерге gosagro.kz порталында өтініш беруге мүмкіндік бермейтін егістік картасы мен агрохимиялық картограмманың болуымен байланысты деп түсіндіреді. Айта кетейік, бұрын Qoldau жүйесінде фермерлер егістіктерді өздері енгізген деректер негізінде цифрландырған болатын, әрі деректердің дұрыстығы тексерілмеді және қандай да бір форматты-логистикалық бақылау болмады. Қазір gosagro.kz порталында субсидияларды алу үшін жердің ғарыштық мониторингінің деректері негізге алынады. Бұл ретте фермер ауыспалы егісті және оның егістіктерінің шекараларын анықтаған кезде параметрлерді қолмен енгізу, яғни көзбен белгілеу мүмкіндігі алынып тасталады. Сонымен қатар, деректер учаскелер бойынша сәйкес келмеген жағдайда, олар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК»АҚ-да түзетілуі мүмкін. gosagro.kz порталында орналастырылған деректерге сәйкес, оңтүстік өңірлердегі бес облыстың фермерлері 23,5 млрд теңгеге тыңайтқыштарды сатып алуды қайтарымсыз қаржыландыруға (субсидиялауға) 837 өтінім берген екен. Оның ішінде 350 өтінімді тиісті өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары қабылдамады, 47 өтінім мақұлданды.

Әкімдіктердің ақпараты бойынша мемлекеттік қолдаудан бас тартудың негізгі себебі, өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша бекітілген субсидиялау қағидаларына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген агрохимиялық картограммалардың болмауы болып табылады. 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін агрохимиялық картограммалар бойынша талаптар болған жоқ. Сонымен қатар, аталған мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда аталған ережелерге түзетулер енгізді. Осылайша, агрохимиялық картограммаларды қолдану талабы алынып тасталады. 2023 жылғы 24 сәуірде осы түзетулер күшіне енеді.

Сондай-ақ 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ арқылы өрістерді цифрландыру бойынша кейінге қалдыру енгізіліп жатыр. Алайда, белгіленген мерзімге дейін фермерлер осы егістіктерді құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес міндетті түрде түзетуі керек. Тиісті кестені ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары»ҰК»АҚ-мен бірлесіп бекітетін болады.

Иса БЕРКІМБАЙ.