ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ — ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН

54

Сан ғасырлық тарихы бар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында «Тәуелсіз ел — Әділетті Қазақстан» атты мерекелік кеш өтті. Атаулы іс-шара, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауы барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің «Шұғыла» халықтық мәдени — үгіт бригадасының ұйымдастыруымен қолға алынды. Мәдени іс-шараның әуелгі мақсаты халық арасында мәдени бағыт қалыптастыра отырып, мәдениеттілікті насихаттау.

Мерекелік кешке зиялы ел ағалары арасынан Түркістан облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі Қуаныш Баймаханов, азулы айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков сынды ағаларымыз қатысып, ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Жолдау аясында ұйымдастырылған жиында жарыса өнер көрсеткен сахна майталмандарын айтпасқа болмас. Қалалық мәдениет үйінің әншілері — «Семсер» тобының орындауында «Қазақстаным» әні, Этностайл тобының орындауында «Көкке өрле» әні, Угай тобының орындауында «Қазақстаным» әні тыңдарман жүрегінен орын алды. «Менің Қазағым» әнін мәдениет үйінің әншілері қосыла шырқап, көрермендерге патриоттық рух сыйлады. «Бисұлтан» би ансамблінің қыздары мың бұрала би биледі.

«Әділетті Қазақстанды бірге құрайық» деген Мемлекет басшысының таңбалы сөздері аясында өткен мәдени жиында көптің патриоттық сезімі мен танымдық тәрбиесінің жоғарылағаны хақ. Мәдени шараның басы-қасында жүрген «Шұғыла» мәдени үгіт тобы түркістандықтарға жақсы таныс.

Қырық жылдан астам тарихы бар «Шұғыла» мәдени үгіт бригадасы алғаш 1977 жылы құрылды. Жылдар бойы мәдениеттің қайнар көзіне айналған аталмыш бригада 1992 жылы «Шұғыла» халықтық мәдени үгіт бригадасы атағын алған. Сахна төрінде ұзақ жылдар бойы тер төгіп келген, өнерлі топтың репертуары бүгінде толысқан. Сахнаны түрлі қойылымдармен көмкеріп келе жатқан бұл құрамды ұлттық мәдениеттің жаршысы десек артық болмас.

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.