ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНДІ

129

Оқуды ойдағыдай бітірген екі жас «Қос мезгіл» елді мекеніне елге оралды. Бірі «Қызыл әскер» орта мектебіне химия пәнінің ұстазы болса, бірі «Ленинизм» шаруашылығындағы техника меңгерушісі болды. Жоғары білімді, тәжірибесі мол Аманкелдінің бұл жұмыс көңілінен шықпады. Ойда-жоқта қала бірлестігінен аудандық техника мекемесіне аға инженер болып тағайындалды. Осында еңбек ете жүріп, лениндік коммунистік партияның қатарына өтті. Іскер, білімді білікті маманды елі басшылары танып білді. Қаладағы жолаушылар көлік тасымалдау мекемесіне басшы етіп тағайындады. «Жас келсе, іске» дегендей Аманкелді өз ісіне мығым, әскерлік қабылетімен ерекшеленді.

-Міне, тағы да партия қайда жұмсаса, сонда барасың.

Сол кездегі аудандық атқару комитетінің басшысы Әбдірашид Жансейітов Аманкелдіні өзінің қабылдауына шақырып, алдағы тұрған келелі міндеттер туралы түйінді ой-пікірін айтты. «Өзіңмен аттас «Аманкелді» шаруашылығының басшысы зейнеткерлікке шыққалы тұр. Шаруашылық жетістігі төмендей түсті. Ол жерге өзіңдей шаруашылықтың оң-солын, бары жоғын ұршықша иіріп, дөңгелетіп әкететін білікті басшы керек. Аудан басшысы Мұхаммед Расул Искаков бұл іске Аманкелді Архабаевты яғни, сізді ұйғарып отыр. Талап-талғамыңыз қалай? Сенімге ие боласыз ба?» — деп сөзді төтесінен бастады.

-Көп айтса, қолдайды. Ел айтса, мақұлдайды. Сіздер мақұлдасаңыздар. Мен сіздермен біргемін, — деді Аманкелді.

Аманкелді бұл қызметті де ойдағыдай атқарды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, тасы өрге домалап, шаруашылық жетістігі өрлей түсті. Адамның бойында қызғаныш, көре алмаушылық деген қызба ит бар. «Сырттан келген сырттан» деп сол иттер Аманкелдінің балағына жармасты. Аманкелді іштей: «Ырылдарсың қаппасың, менен жақсыны таппассың», — деп өз жөнімен, еркімен жұмыстан шығып, жаңадан құрылған «Достық» ауылына төраға болып орналасты. Мұнда да ел халық алғысының құрметіне бөленді. Достық ауылының тұрғындары зейнеткерлікке шығарып салып тұрып: «Аманкелді көсегең көгерсін, өсіп өн, бала-шағаңның қызығын көр. Қосағыңмен қоса ағарып, Алланың сүйген құлы болып, екі дүниенің абатына бөлен, — деп қимастықпен шығарып салды.

Адам өмірі өлшеулі. Әбекең бұл дүниеден озғанына да біршама уақыт өтті. Артында құдай қосқан қосағы Тұрсынбүбі Бөлекова баяғы танысының кешінде тартқан үкілі домбырасын шертіп өмір күйін, сырын еске алады.

Ұстаз мерейі өзі тәрбиелеген білім бұлағымен сусындатқан шәкірттерінің өмірде өз орнын тауып, еліне халқына қызмет еткені. Сонда оқушыларының бірі және бірегейі Бақыт Исмахамбетов, Артық Шармаханбетов. Екеуі де мектепті алтын медальмен бітірді. Жоғарғы оқу орнына түсті. Сонда Артықтан емтихан қабылдаушы профессор: «Балам, сен қай ауылдың баласысың? «Алгебра, химия қонбайды менің миыма» деп оқушылар бұл сабақтардан қашып, шеттеу жүретін. Осы химия пәнінен сабақ берген ұстазыңа менен алғыс сәлем айт. Білікті, білімді ұстаз екен. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей алғысын жеткізіпті. Профессордың бұл аманатын Артық өз ұстазы Тұрсынбүбі Бөлековаға жеткізіпті. «Рахмет, Артық. Ұстазға бұдан артық ізет пен құрмет жоқ», — дейді апайы толғанып. Тұрсынбүбі осындай құрметке бөленген ұлағатты ұстаз. Аллаға шүкір «Орнында бар оңалар» демекші Аманкелді екеуі алты қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Барлық қыздары жоғары білімді. Білікті мамандар. Кіші ұлы Сұлтан экономист. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші Аманкелді Арқабаевтың жанұясы өскен, өнген шаңырақ. Әкесі Өскенбай алғашқы колхоз ұйымдастыру кезінде шаруашылық басшысы болған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Анасы Әлима он баланың анасы. Батыр ана. Хакім Ұлықпан «ұрпағыммен мың жасадым» деген екен. Олай болса, Тұрсынбүбі жеңгемізге ұрпағыңмен мың жасап, шөбере-шөпшегіңнің қолынан бал-қаймақ жеңіз. Аллаһ соны нәсіп етсін!

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.