ТАРИХЫ ТЕРЕҢ СЫРЛЫ САУРАН…

225

Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылың, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жеріңнің әр бір сайы мен қырқасы тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының аңыздары мен әңгімелері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Қай дәуірде де қоғамның мәдени өмірінің өткен тарихымызды өшірмей, ұлт жадын мәңгілік сақтайтын мекен болып есептеліп келеді. Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы кертілетін кең байтақ даласының кез келген түпкірі біз үшін қастерлі. Өйткені ұрпағына осыншама жерді аманаттап кеткен батыр бабаларымыздың қаны тамған. Шежірелі сырлы Сауран өлкесінің ұлт тарихында ойып алар орны бөлек. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі Сауран өлкесі тарихқа бай қазыналы өлке. Сондықтан ұлы бабаларымыздың ізі қалған , қасиетті қаны төгілген мекен болып саналады. Ортағасыр кезінде Сырдария өзенінің ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі – Сауран еді. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын бұл жерде қайнаған өмір болған. Орта ғасырлық Сауран қаласының тарихынан сыр шертетін мәліметтер араб, парсы және орыс деректерінде, сонымен қазақ халқының дастандарында т.б. кездеседі. ХІІІ ғасырдағы қала өсіп өркендеді. Жер асты туннелдері және кәріз жүйесімен таңғажайып ғылыми өнер табыстарымен де танымал болды. Ұлы Жібек жолының басты бағыттарының бірі осы қала арқылы жібек мата, қымбат металдар мен керуендер ағылып жатты. Дала халқы мен қала халқын байланыстырған сауда-саттықтың орталығы болған деседі. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық жұмсақ ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашы жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қорғаныс дуалдары осы күнге дейін сақталған. ХІV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіт болып, ислам дінінің Қазақстанға таралуына ықпал еткен. Араб зерттеушісі әл-Макдисидің шығармасына «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат мешіт бар» деп жазған. Сондай-ақ, керемет құрылыстарының бірі – қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ақын-жазушы Уасифи қызыға жазған. Археологтардың жұмыстары кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі – Мір Араб сыйға тартқан. Осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлы тартылған.Сауранның солтүстігіне қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Қызылордаға қарай теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде кәріз құбырларының орындары табылған. Шахар саяси экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүз жылдықта да жоғалтқан емес. Жақындап қараған адам өткен өмір қалдықтарын — ежелгі қаланың қабырғалары мен іздерін көре алады.

А.ТҰРҒАНБЕКОВА,

кітапханашы.