АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

209

Көктемде Ихан су өзенінің тасуы салдарынан Ибатадағы Әль-Фараби көшесіндегі ауылдың тап ортасындағы сылдырай ағып жатқан өзен сағасы, оқыс мінез танытып, көптен бері қолданыста болып көнерген көпірді тас-талқан етті. Абырой болғанда ауылдың техникасы бар тұрғындары жедел түрде қимылдап, апаттың алдын алды. Ибата елді мекеніндегі тасқын судан бұзылған көпірдің жағдайымен танысқан аудан әкімі сала басшылары ТҮКШжАБ басшысы С.Рысбеков, Сауран ауданы ТЖ бөлім басшысы М.Қуанышбаев, Сауран аудандық экономика және қаржы бөлім басшысы И.Мырзахметовтерге шұғыл түрде әрекет етіп, жаңа көпірді салуға тапсырма берді.

Осы орайда бұл мәселені кешенді түрде шешіп, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылдың жоғарғы жағынан тасқын суды жинайтын дамба салу жоспарланып отыр. Ибата елді мекенінің күн батыс жағынан Бостандық телімінен су тасқыны кезеңінде тасқын судан болатын қауіптің алдын алу мақсатында салынатын ұзындығы 900 метр дамбаның жобасы қарастырылды. Су тасқыны кезеңінде тасқын судан болатын қауіптің алдын алу мақсатында Ибата елді мекенінің күн шығыс жағынан Қарауыл төбе тұсынан салынатын ұзындығы 700 метр дамбаның жобасы да қарастырылды.

Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаевтың айтуынша, бұл құрылыс жұмыстарын еш кешеуілдетуге болмайды. Егер аудан әкімдігі тарапынан тиісті техникалық және қаржылық көмектер дер кезінде көрсетілсе, ауыл тұрғындары қос дамбаны да бастауға құлшынып отыр. Әрине, «апат айтып келмейтіндігін» биылғы көктем көрсетті. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.