«ОДАН АСҚАН ЖОҚ ШЕЖІРЕ, ОДАН АСҚАН ЖОҚ ДАНА!»

173

Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Осы күннің құрметіне Арбат алаңына жиналған шымкенттік жастар DOMBYRA party ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен тәтті күй сыйлады. 50-ге жуық жас күйші Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалардың күйін шертіп, қазақтың рухын асқақтатар асыл қазынамызды дәріптеді. Игілігі мол бастамаға қалалық жастар ресурстық орталығы мен AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «Мирас» қоғамдық бірлестіктері ұйытқы болды.

–AMANAT партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында домбыра күніне орай, DOMBYRA party іс-шарасын осымен үшінші рет өткізіп жатырмыз. Алғашқы жылы 20 қатысушымен бастаған едік, бүгін мінекей олардың қатары 50-ге жетті. Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрген жастардың қатысуға деген ынтасы жоғары. Бүгінгі кеште мектеп оқушылары, жоғары оқу орны мен «Саз» колледжінің студенттері және ерікті жастар еркін форматта өнер көрсетті, – деді «Жастар рухы» жастар қанатының кеңесшісі Абай Сырлыбаев.
Мерекелік кешке қаладағы №56 мектептің оқушысы Аружан Мият домбырады Күмісбек Кенжеғалиевтің «Өмір жолы» атты күйін шертті. Жас күйші 4 жылдан бері мектеп жанындағы домбыра үйірмесіне қатысып, өнер бәйгелерінде топ жарған екен.
–Бұған дейінгі ұйымдастырылған домбыра-патидың барлығына қатысып келдім. Өзім білетін 8 күйдің ішіндегі сүйіп орындайтын «Өмір жолы» күйін орындап шықтым. Осындай домбыра тартатын іс-шараларда өнер көрсеткенді ұнатамын, — дейді жас күйші.
Қаладағы «Саз» колледжінің түлегі Абылайхан Нұрқұл да жыл сайын өтетін дәстүрлі шараның белсенді қатысушысы. Домбырамен 20-дан аса күйді жетік меңгерген ол бүгінгі мерекеде өз өнерімен тыңдармандардың ықыласына бөленді.
–Ұлттық домбыра күнінде қала тұрғындарына Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» мен Құрманғазының «Терісқақпай» күйін орындадым. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ұлттық аспабымыздың қос ішегінен шыққан әрбір күй кез келген қазақтың жүрегінен орын алып, рухын көтерері де сондықтан. Қаламызда осындай ұлттық аспабымызды дәріптейтін іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар, – дейді А.Нұрқұл.
Ұлттық домбыра күні кешке қарай «Ұлы дала мұрасы» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға жалғасты. Қала тұрғындары «Шәмші әлемі» аллеясына жиналып, Қазақ халық аспаптары оркестрінің өнерін тамашалады. Салтанатты кеш Ұлытау облысынан келген халықтық «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасымен басталды. Кеште сөз алған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшы Сәкен Шакеев қала тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, төл өнерімізді дәріптеу әр қазаққа парыз екенін алға тартты.
–Ұлттық домбыра күні – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз. Ежелден дана халқымыз ауызбен айта алмағанды домбыраның күмбірімен жеткізе білген. Атадан балаға мирас боп келе жатқан төл өнерімізді дәріптеу, келер ұрпаққа насихаттау әр қазақтың парызы деп ойлаймын, – деді басқарма басшысы.

Думанды жиында қалалық мәдениет үйінің Қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижёры Жамбыл Мейірбековтің жетекшілігімен Н.Тілендиевтің «Әлқисса», «Күлтегін» күйі, этно-фольклорлық ансамблі «Көроғлы» күйі, «Әгугай» әндері, дәстүрлі қазақ әншілерінің шеруі, Марат Анашевтың «Алтынай — Ақжелең» күйі халықтың ыстық ықыласына ие болды. «Қазына» би ансамблінің мың бұралған бишілері де көрерменге мерекелік көңіл сыйлады.
Концертті тамашалауға келген Шымкент қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері ардагер Шерім Медеуов елімізде ұлттық аспапты ұлықтап, арнайы мерекелер қатарына енгізілгені құптарлық іс екенін айтты.
–Соңғы жылдары домбыраны ұлықтау мемлекет деңгейінде қолға алынды. Қаланың мәдени іс-шараларына белсенді түрде қатысып келемін. Ал, домбыраны дәріптейтін үлкен концертті алғаш рет көріп отырмын. Қазір Ұлытаудан келген «Ұлытау сазы» ансамблі мен қаламыздың дәстүрлі ән мен күй, этно-фольклорлық ансамблінің өнерін тамашаладық. Өнерпаздардың өнері халықтың көңілінен шыққанын байқап отырмын. Ұлттың руханиятынан сусындайтын керемет кеш болды, — дейді ардагер.