ТҮРКІСТАН: «КОНГРЕСС ХОЛЛ» КӨПСАЛАЛЫ КЕШЕНІНДЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 100-ГЕ ЖУЫҚ ШАРА ӨТКЕН

20

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 2024 жылдың басынан бері 75 мәдени және ресми бағыттағы іс-шара өтіп, 51 мыңнан астам адам тамашалаған. Сонымен қатар, кешеннің ерекшелігі саналатын «Жаңа леп!» шығармашылық ұжымында да жаңалықтар жетерлік. Биыл аталған шығармашылық топ 2 музыкалық-поэтикалық қойылымды көпшілік назарына ұсынған. Бұл жайында «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан брифингте мәлімдеді.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі қарасаңында Түркістан музыкалық драма театрында режиссер Фархат Молдағалиевтың «Жаңа леп!» жастарының сахналауында «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Одан соң, сәуір айында қайта өңделіп «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ресми түрде премьерасы өтті. Сондай-ақ, Тасболат Омаровтың 20 желтоқсанда «Өмір өтті зырғып ағып..» қойылымының премьерасы сахналанды»- деді спикер.

Сонымен қатар, Асқар Оразханұлы ұжымның жыл бойы жеткен жетістіктерін баяндады. Атап айтар болсақ, «Мәдениет саласының мәртебелі маманы» атты республикалық байқауда кешеннің әртістері Бағдат Нысанбай мен Гүлзина Жақсылық жүлделі орындарға ие болды. Астана қаласында өткен Халық қаһарманы Р.Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсында Асыл Жомартов бас бәйгені жеңіп алды. Сондай-ақ, Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған «Қазақтың Ақбаяны» республикалық әншілер конкурсында Асыл Жомартов бас жүлде алды. Бұдан бөлек, ұжым мүшесі«ХFactor» шоуының финалисі, кешеннің оркестр әртісі Мейірімхан Назархановтың «О, моя, света!» әні ресей сайттарында 50 миллион тыңдалым көрсеткішіне жетіп, аталған мемлекеттің танымал «Привет, Андрей» бағдарламасына шақырту алған.

Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылған. Жыл бойы «Jana Lep» ұжымы, «Samgau» би ансамблі мен «Alqonyr» фольклорлық ансамблі танымал өнер адамдары мен мәдениет қайраткерлерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізді. Мәселен, «Alqonyr» фольклорлық ансамблі этномузыкатанушы Еркін Нұрымбетовпен шеберлік сабағын өткізіп, «Jana Lep» ұжымы театр педагогы Дариға Тұранқұлова мен өнер адамдарымен білімдерін шыңдады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі