ҚҰРЫЛЫС ЖҮРГІЗУДІҢ ҚОЛАЙЛЫ ТӘСІЛІ

69

Дархан Сатыбалды: Бізде мәселен тоған салу керек болса, алдымен қаржы бөліп жобалық-сметалық құжаттарын жасаймыз. Оны сараптамадан өткіздіртеміз. Оған қаржы бөлу мәселесін сессиядан сұраймыз. Бюджеттен құрылыс жұмысына қаржы сұраймыз. Сосын тендер өткіземіз. Тендердің өзі ойдағыдай болмаса, бәсекелестердің таласуы салдарынан, құқықтық құжаттарын реттеу үдерісі ұзап кетеді. Тендерден ұтқандардың проблемасы көп, аяғы жоқ. Қазір біздің облысымызда 12,5 мың шақырым каналдарымыз бар. Соның 45 пайызы «Қазсушарға» қарайды. Қалған 55 пайызы облыстың қарамағында. Қазір су арналарының 82 пайызының тозығы жеткен. Ал, біздің қажеттіліктен қаржыландырып отырғанымыз 0,03 пайызы ғана екен. Біз өзіміздің қажеттілігімізге сәйкес қаржыландыратын болсақ, оған облыстың бюджетінің қаржысы жетпей қалады. Осындай проблемалар бар. Мен аудан тұрғындарымен кездесуімде менің пәлен шақырым арнам бар. «Маған өзімнің суармалы жердегі арнамды тазалап беріңіз» дейді. «Қанша қаржы кетеді?, — деп сұрасам, «өзіміздің есептеуімізше, млрд теңге шамасында болады» деп жауап береді. Мен айтамын, аудан соляркасын берсін. Мен техникасымен қамтамасыз етіп, жұмысшылардың жалақысын төлеп беремін» деп келісеміз. Соның нәтижесінде осы млрд теңге тұратын жұмысты 100 миллион теңгеге шешіп қана қоймай, уақыттан да ұтамыз. Бізде қазір ақшамен ойнап отыратын уақыт жоқ. Біз әрбір тиынды үнемдеуіміз керек. Біз қазір өзіміздің қарауымыздағы су арналарын «Тұран Суға» өткіземіз. «Оларға тендер өткізіп уақытты алма. Екі жақ келісіп, дизел отынын алып, техникасын бөлсеңіз, жұмысшылардың айлығын төлеп берейік» деп келісіп отырмыз. Ал, жаңағыдай тендерлерді өткізу секілді бағытпен кететін болсақ, ол процесс бірнеше жылдарға созылып кетіп жатыр. «Қазір «Қазсушардың» «Қазсуресурстары» мекемесі 165 млрд теңгенің құрылыс жұмыстарының жобаларын бастап кетті.

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың айтуынша, Сауран ауданы тарапынан барлық жұмыстар атқарылды. Ал, Кентау қаласына «Тұран Су» мекемесіне өткізу туралы ұйымдастыру шаралары жүзеге жалғасуда.

-Бұл кісінің сұрап отырғаны «Ырмақ су қоймасының арналарын жекеменшікке алу жайына тоқталсақ. Бұрын иесіз болып келген қойманы механикалық тазалаудан және ағымдағы жөндеуден өткіздік. Каналдың ұзындығы жиырма шақырым. Он шақырымы Кентауда, он шақырымы Сауранда. Сауран қазір құжаттарын ресімдеуді толық аяқтады. Өзеннің бастау жағы Кентауда. Осы жұмысты бірлесіп атқарсақ қана екіжақты тиімділікке жететін боламыз,-дейді Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

Тұрғындармен кездесу барысында Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінің өзі де ауыз су мәселесінен тапшылық көріп отырғаны айтылды.

Сұрақ қоюшы ардагердің айтуынша, қазір Шорнақ ауылының орталығында 3,5 мың адам тұрады. 2007 жылы ауыз су жүйесі жүргізілген.

— Орталықтағы халықтың 70 пайызы ол суды ішпейді. Қазіргі кезде 24 метрлік скважинаны 400 мың теңгеге қаздырып, моторымен салдыртып жатырмыз. Бұрын 13 метрден ғана үйдегі құдықтардан су шығатын. Айналаның бәрінен қиыршық тас шығаратын зауыттар салынғалы ауыз су деңгейі екі есеге дейін төмендеп кеткен. Облыс құрылғанына бес жыл, ауданның құрылғанына екі жылдан асса да осы мәселе әр жиында айтылып, соңы аяқсыз қалып келеді,-дейді қынжылып.

— Су жөнінде проблема бар. Су мәселесі бойынша 2025 жылдың соңына дейін барлық өзекті мәселерді шешуіміз керек. Су жүйесінің құжаттары дайын болса, барлық мемлекеттік құрылымдар бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Бұған ешкім де қарсы емес. Алайда, су жүйелерінің құжаттарының әзір болмауы салдарынан құрылыс жұмыстары ақсап жатыр. Біз мәліметті алғанда «Оңтүстік гидрогеология» мекемесінің дәйектеріне сүйенеміз. Олар «белгіленген елді мекеннен 800 метр жерден су шығады» деп мәлімет береді. Біз ұңғыма қазған кезімізде ол тереңдіктен су шықпай қалады. Соның салдарынан құрылыс нысанының жұмысы әрине ары қарай созылып кетеді, — дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Бұл мәселе бойынша сөз алған Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың айтуынша, Шорнақ ауылындағы суға қатысты өзекті мәселені шешу үшін гидрологиялық сараптауды жалғастырып, Аша, Қосмезгіл елді мекеніндегі су жинау мұнарасы тұрғызылады. Сол кезде аудан орталығындағы ауыз сумен қамту мәселесі түпкілікті орындалатын болады.