ШАҒАЛЫҚТАРДЫҢ ШАҒЫМДАРЫ ШЕТІНЕН ШЕШІЛУДЕ

158

Шағаға бір емхана мен білікті дәрігерлер ауадай қажет. Бұл мәселені Шаға ауылдық округінің тұрғындары аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың есепті кездесуінде көтерді. Халық санының өсуіне байланысты емхана тапшылығы сезіледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар ақылы емханалардың есігін тоздырып жүрген көрінеді. Себебі, ескі емханада білікті дәрігер тапшы. «Жедел жәрдемнен» үміт үзген тұрғын көп. Уақытылы қызмет көрсетпейді деп шағымданды тұрғындар. Инвотакси қызметі іске қосылса деген тұрғындар да болды. Сала мамандарының айтуынша мәселе келер жылдан бастап қолға алынады. Кезең-кезеңімен шешіледі.

Шаға ауыл округінде жарық мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде электр желісі жетіспейді. Ауа райы дауылды күндері жарық жалп етіп, жиі өшеді. Соның салдарынан тұрмыстық құралдардың істен шығуы жиілеген. Осыған орай тұрғындар электр желілерін жаңартуды сұрайды. Барлық елді мекендердегі секілді мұнда да шағын көшелерге асфальт төсеу, елді мекендерге ауыз судың уақытылы берілуі, жайылымдық және суармалы жерлердің жетіспеуі де жиі көтеріліп отырған жайлар. Бұл тұрғындар талабы. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру, жастар демалатын және қоқыс тастайтын арнайы орынның қажеттілігі де айтылды.

Халықпен кездесу барысында аудан әкімі тұрғындарды толғандырған сұрақтарға барынша нақты жауап берді.

— Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарамыз,-деді аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы.

Айта кетерлігі «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік» бағдар-ламасы аясында қала іргесіндегі Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтеріне қарасты алты елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өткізілген болатын.

Бүгінгі таңда табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша екі жақты келісім-шарт түзіліп, 2022 жылдың қазан айынан бастап, Шаға ауылдық округінің он көшесіне газ берілді. Ал, қалған елді мекендердегі газ құбырларына ауамен сығымдау жұмыстары жүргізілуде.

Тиісті жұмыстар аяқталған соң, елді мекендерге газ берілетін болады.

Басты міндет — ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартып, мәдениетін көтеру, тұрғындардың тұрмысын түзеу. Жергілікті әкімдік Президент тапсырмасын жүзеге асыруда қарымды тірлікке көшкен. Ауылдағы жұртшылықтың жай-күйі жақсарса одан артық қуаныш бар ма? Аудан әкімі жиын соңында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тиісті мерзімде орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.