ИАССЫДА САПАЛЫ АУЫЗ СУ ЖАЙЫ ШЕШІЛЕДІ

151

Ақжолтай жаңалықты аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Иассы ауыл округінің тұрғындарымен өткен есепті кездесуде жеткізді. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Мәселе көп ұзамай шешіледі. Кездесу барысында ауылға жаңадан қоныстанған 194 үй ауыз сумен қамтылатындығы мәлім болды. Ол үшін Иассы ауыл округі Еңбекші Дихан елді мекенімен меморандум арқылы «Авангард-Ок» ЖШС-і жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуде.

Есепті кездесуде мұнан өзге проблемалар да көтерілді. Ауыз сумен қоса, жарықтың да жайы мәз емес. Тұрғындар электр қуатының сапасына шағымданумен келеді. Кешқұрым ауылдағы барлық үй қосылғанда электр қуаты жетпей, кейде жарық сөніп қалады. Соның салдарынан елді мекенде тұрмыстық техникалар жиі күйіп, халық шығынға батып жатқан көрінеді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыл көшелеріне және Кентаумен қосатын автожол бойына бейне бақылау камералары қойылса деген өтініштерін жеткізді. Себебі, асыққан жүргізушілердің жүйткіген көліктері тұрғындардың малдарын басып өту оқиғалары өршіп тұр. Мұны аудан әкімі жол полициясы басшылығымен облыстық полиция департаментіндегі құзырлы лауазым иелерімен ақылдасып шешуге уәде берді.

Иассылықтар қала іргесінде болғандықтан күн санап жайылымдық жердің тарылып бара жатқандығына шағымданды. Мүмкіндігі болса, ортақ жайылымдық жерді ұлғайтуды сұрады. Кездесуде мәлім болғандай, қазіргі таңда жеті тұлғаның 1022 гектар жерін ортақ жайылымға қайтаруға және ортақ жайылымды кеңейтуге мемлекет мұқтаждығына қаулы қабылданып, құжаттардың ресімделіп жатқандығын сала мамандары хабарлады.

Осы және өзге де мәселелер бойын-ша айтылған өтініштер мен ұсыныстар басшылық тарапынан назарға алынды. Тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

-Ауылдағы халықтың жағдайын көтеру басты міндетіміз. Сіздердің талап-тілектеріңіз менің назарымнан тыс қалмайды. Мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Осы ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық біледі. Ауылды көркейту үшін жасалынатын жұмыстар тоқтамайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды тапсырып отыр. Біз ол тапсырманы орындауға міндетті-міз. Әрине, тек заң шеңберінде. Ауыз-біршілік болған кезде ғана тірлік алға басады. Билік пен бұқара халық арасын-дағы байланыстың ашықтығын ны-ғайту мақсатында мен әр үш ай сайын сіздермен кездесіп, мұң-мұқтаждық-тарыңызды тыңдауға дайынмын, — деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

Иассылықтардың мұң-мұқтажды-ғын тыңдаған аудан басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, орындалу мерзімдерін бекітіп, өзекті мәселенің орындалуын қадағалауды жергілікті халықтың өзіне тапсырды.