ОРАНҒАЙДА ОТЫЗДАН АСТАМ ЖОБА ЖАСАЛДЫ

139

Жақында ғана ауыл әкімін сайлап алған Оранғай ауылдық округінің тұрғындары өздерінің іскерлік белсенділігімен қатар, жаңа жобаларға барынша ден қойып отырғандығымен танылды. Есепті жиында аудан басшысы өткен ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстарды тізбектеп, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарды атап көрсетті. Биылғы жылы Оранғайдан несие алуға 34 жоба өтінім білдіріп, «Ырыс» микро қаржы ұйымынан 115,7 млн теңгені құрайтын 23 жоба несие алуға мақұлданды.

Қазіргі таңда 53 млн теңгені құрайтын 9 кәсіпкердің жобасы «Ырыс» МҚҰ» тарапынан қаржыландырылды. Ауыл округі тұрғындары тарапынан ұсынылған жобалар арасынан 82,625 млн теңгені құрайтын 10 жоба кері қайтарылды. Бүгінгі күнге 17,7 млн теңгені құрайтын 4 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұрған болса, 9 жобаның құжаты толық рәсімделіп, «Ырыс» МҚҰ-на өткізуге дайын тұр.

Сөз арасында аудан әкімі тұрғындарды жобаға бұдан да белсенді қатысуға шақырды. Оранғай ауыл округі «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына кірген төрт ауылдың бірі. Ауыл округі бойынша екі кооператив қанатқақты жобаға қатысуға ниет білдірген. Жоба бағыттары – жылыжай кешенін салу, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін өндіру қайта өңдеу және отбасылық мал бордақылау алаңын ашу, етті өндіру.

Бүгінгі таңда Сауран ауданында төрт ауылдық округ қана «Ауыл аманаты» бағдарламасына еніп, мемлекет тарапынан берілетін екі пайыздық несиеге қол жеткізіп отыр.

Оранғай ауылдық округі әкімінің орынбасары Фархад Байметовтің айтуынша, бұл бағдарламаның өте сәтті бірнеше басымдықтары бар. Біріншіден, ауылдастардың бір-біріне арқа сүйеп, өзара одақтасып, «жұмыла көтерген жүк жеңілдің» жолымен жүреді. Себебі, өз күшіне сенген кооператив мүшесі жеңілдікті несиені өз алдына пайдаланып, өз күшімен шаруашылығын жүргізе алады. Мәселен, «Әль-Береке» кооперативінде 177 адам бар. Олардың барлығы өсімдік шаруашылығымен айналысады.

Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықтың баяндауынша, ауылдық округтегі жер көлемі 47579 гектар болса, оның 16742 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Суармалы жерлері 1872 гектар.

2023 жылы жалпы 2670 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Биылғы жылғы өнімге күздік бидай 285 гектар егілді. Көктемгі және күзгі далалық жұмыстарына Оранғай ауылдық округі бойынша бөлінген жеңілдетілген жанар жағар май 220 тонна болса түгел игерілді.

Оранғайлықтар негізінен күздік, жаздық бидай, мақта, мақсары, картоп, көкөніс, жүгері, жоңышқа бақшалық дақылдар егеді. Өнімді ұқсата пайдаланып, көкөністерді қалбырға салып, қысқа сақтауға әзірлесе, дәнді дақылдарды диірменге тартып, ұн шығарады. Ең соңғы өнім ретінде нан жауып, түрлі нан өнімдерін шығарып, оранғайлықтарға және іргедегі Түркістанға, Кентауға жеткізеді. Қиналып қалған фермерлерге кооператив қол ұшын береді. Мәселен, қауын-қарбызды, қияр, қызанақты солтүстік облыстарға, Ресейге жеткізу керек болса, кооператив ірі рифрижаторлы жүк көліктерімен, Камаздармен тасымалдауға көмектессе, егінді жинау кезінде комбайндарымен көмектесе алады. Оранғай ауыл әкімінің орынбасары Фархад Байметовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының ең бір жақсы жері фермерге бес жылға жеңілдікті несие бергенімен қоймай, бірінші жылы кәсіпкер шаруашылығын дөңгелентіп, жағдайын дұрыстап алғанға дейін каникул беріледі екен.

Мәселен, «Қосқорған» ауылының тумасы Шамансұр Мәжитовтің өзі де, келіншегі де мектепте жұмыс істейді. Жұмыстан тыс мезгілде есік алдындағы 4,5 сотық жердегі екі жылыжайға егілген қиярларды баптайды. Бұл кәсібін 2014 жылы бастаған екен. Жылына екі рет өнім алады. Алдымен жылыжайға 800 мың теңге жұмсаған. Пайдасын бір маусымда-ақ шығара бастаған. Бұрын Ресейдің «Кураж» атты қиярын өсірсе, қазіргі кезде Голландиялық тұқымнан шығарылған «Тұран» қиярын өсіріп жатыр. Шымкент қаласынан әкелген табиғи өнім «Активбио» тыңайтқышы арқылы өнім көлемі еселеп артқан көрінеді. Биылғы өнімі 27 күнде пісіп, енді таусылуға жақындады. «Әль-Береке» кооперативінің мүшесі.

-Мен бұл кооперативке мүше болып кірген себебім, «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасының бір шарты несиеден үміткер кооператив мүшесі болуы тиіс. Кооперативтің бір тиімділігін айтайын. Мәселен, менің өнімім қияр басқалардан ертерек піссе, жақын маңға қымбат бағаға сата аламын. Барлық өңірде қияр базарға шығарыла бастағанда, менің қиярымның бағасы да арзандайды. Сол кезде кооператив басшылығына шығып, солтүстік өңірлерге жеткізуге тырысамын. Қалған параметріне келмейтін қисайып-мисайған қиярлардан турап-турап, банкіге тұздап, қысқа әзірлейміз. Жалпы ешқандай қалдықсыз өнім болып шығады. Биыл «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдікті несие алсам, жылыжайды алты сотыққа өсірмекпін. Қазір құжаттарымды түгел өткіздім. Комиссияның шешімін күтіп жүрмін,-дейді әрі ұстаз, әрі кәсіпкер Шамансұр Мәжитов.

Бүгінгі таңда ауылға тіркелген өнеркәсіп орындарды онға жақындап қалды. Қазіргі кезде ауылдастарын жұмыспен қамтып, Оранғай ауылдық округі бойынша жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындары қатарында «Тас жол» ЖШС асфальт шығарады. «Майшай су» ЖШС қиыршық тас өндіреді. Бетон шығарады. «Кас-Ай»- ЖШС бетон және қиыршық тас өндіреді. «Фахри строй бетон» дайын бетон мен құрылысқа қажетті газоблок шығарады. «Досан Ата» дайын бетон өнімдерін шығарады.

«Яссы құс» шаруа қожалығы 80 мың бас тауық өсірумен айналысуда. Қазірдің өзінде 18 ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр.

Ауылда жеке негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 900 млн теңгеге жоспарланып, биылғы жеті айда 500 млн теңгесі орындалды. Оранғай ауылында Балмұздақ сақтау қоймасы іске қосылды. Жоспарланған инвести-циясы 2,5млрд теңге болып отыр.

Осындай кәсіпорындар көбеюіне байланысты ауыл округінің салықтық түсімдері де еселеп артқан. Қазіргі кезде жергілікті бюджеттің салық төлеу базасын құрайтын барлық субьектілерді қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, салық төлеуіне жататын салық базаларының есебі алынды. Бүгінгі таңда 34 нысан,101 жеке кәсіпкер,182 шаруа қожалықтары тіркеліп, кәсіптерін дөңгелентіп қана қоймай, ауылдастарын жұмыспен қамтуда.

Атқарылған жұмыстарға қарағанда, барлық салада ілгерілеушілік байқалады. Әрине, шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткілді істер де көп. Ауыл тұрғындарының сұрағы негізінен халықтың денсаулығы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолды жөндеу, Интернет жылдамдығын арттыру, мал жайылымын ұйымдастыру төңірегінде болды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан түскен балалар ойын алаңшасын салу, көшелерді жарықтандыру да туралы ұсыныстар аудан әкімдігі тарапынан қолдау табуда.

Кездесу соңында аудан әкімі барлық елді мекендердегі есеп беру жиналыстарында тұрғындардан түскен сұрақтар, ұсыныс-пікірлердің және мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар, жаңадан сайланған ауыл әкімі Берік Қуандыққа да ауыл тұрғындарының артар үміті үлкен. Ел алдындағы есеп беру кездесуін «Біздің міндетіміз – ауыл халқының жағдайын жасау», — деп түйіндеді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.

PS: Апта бойы алты ауылдық округті аралап, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа жобалардың орындалу барысын ойға түйген аудан әкімі осы жолғы кездесулерін жабық клубтар мен мектептерге тығылып, терлеп-тепшіп отырмай, таза ауадағы алаңшаларда, ел алдына шығып, еркін форматта тұрғындарды толғандырған сұрақтарға тиянақты жауап берді. Кей мәселелер бойынша сала басшыларының пікіріне құлақ асылды. Кездесулердің еркін форматта өтуінің бір себебі – барлық өңірлерде жасалып жатқан жұмыстардың нақты нәтижелерінің оң көрініс табуы. Оған жұртшылықтың көңілінің толуы.

Әсіресе, Сауран аудан орталығы мәртебесін алған сәттен бастап, құрылысы заманауи үлгіде атқарылып жатқан әлеуметтік мәдени ғимараттардың көркемдігі көз тартады. Мемлекеттік қолдауға ие бола отырып, ауылдардағы кәсіпкерлер де тұрғызған мектептері мен балабақшалары жергілікті тұрғындардың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады. Кездесулердегі тағы бір байқалған мәселе, ендігі жердегі басты қағида, билік өкілдерінің ел алдында берген уәделерін дер кезінде орындауы болса, оған халықтық бақылаудың күшейгендігі, оны әлеуметтік желі арқылы сәт сайын жариялап, қате қадам басқан әкім-қараларды топшысынан қағып түсіп отырғаны сезілді. «Халық қаласа-хан түйесін сояды» деген міне осы. Ел сайлаған Президенттің тапсырмасының өзегінде де осы ой жатыр.

Ескендір ЕРТАЙ.