АЗАМАТТАР «АУЫЛ АМАНАТЫНА» АЛАҢДАУЛЫ

68

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев кезекті есепті кездесуін Ескі Иқан ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Мұнда да жаңа жылдан кейінгі кездесуде көтерілген бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан. Ескі Иқан елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары 2018 жылы толығымен аяқталған. Нысанға тапсырыс беруші Кентау қаласы әкімдігі, мердігер мекеме «Баянды-Құрылыс» ЖШС-і. Нысан бүгінгі таңда ескірген. Көптеген кемшіліктердің болуына байланысты газ беру мәселесіне кедергі келтіруде. Мердігер мекеме тарапынан кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Сауран ауданында көптен бері шешілмей келген мәселе, ағын судың тарифі екі түрлі болатын. Ескі Иқан ауылдық округіндегі «ИДЖЖЖ-2» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізген «Қазсушар» мекемесінің тарифтік бағасы 787,36 теңге болса, ішкі жүйелерге су беретін «Тұран су» мекемесінің тарифтік бағасы 251,19 теңге болған. 2022 жылы осы мәселе шешіліп, жүйелер «Тұран Су» ШЖҚ МКК- теңгеріміне өткізіліп, ағын судың тарифтік бағасы 251,19 тг болып белгіленді.

Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан жоба құны 789,0 млн. теңгені құрайтын «GOLDEN Cotton» ЖШС мақта талшықтарын қайта өңдейтін зауыты іске қосылды. Соның нәтижесінде 34 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, 2022 жылдың мамыр айында іске қосылған «Авиценна-А» емханасы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Жоба жалпы құны 1800,0 млн теңге болды. Қазір онда 150 жаңа жұмыс орны ашылды.

Созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы негізінде Артериальді гипертония, Қант диабеті, Созылмалы жүрек шамасыздығы диагноздарымен есепте тұратын науқастарға динамикалық бақылау жүргізу мақсатында Ескі Иқан БМСККО–дан Ауруларды басқару бағдарламасы кабинеті жасақталды.

Жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру мақсатында Ескі Иқан БМСККО-дан «Жастар денсаулық орталығы» құрылды. Шалғай елді мекендердегі халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жылжымалы медициналық кешен кестеге сәйкес жұмыс атқарады. Кешен Флюрография, УДЗ, зертханалық аппараттармен, арнайы мамандармен толықтырылған. Емханада қосымша жылжымалы автокөлікте рентген құрылғысы жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, Ескі Иқан ауылдық округінде кәсіпкерлердің демеушілігімен жалпы құны 50 миллион теңгені құрайтын «Сапар орталығы» ашылды. Мұнда алыс-жақыннан зиярат етушілер мен саяхатшылар үзілмей келіп жатыр.

Алайда уақыт пен бюджеттің жоспарына байланып шешімін күткен тірлік те аз емес. Алдымен әкім ауданда ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ілкімді істерді тізбектеді. Алдағы жоспарлармен бөлісті. Ескі Иқандық тұрғындарды қызықтырғаны «Ауыл аманаты» жобасы болып отыр. Ұлттық жобаға қатысуға ниеттілер көп. 2,5 пайызбен несие алып өз шаруамды дөңгелетсем деген тұрғындардың сұрағына жауапты мамандар тәптіштеп жауап берді.

Алайда, несиеге өтінім беріп тауы шағылғандар да жоқ емес. Несие аларда кепілге қойылатын мүлікті бағалауға келгенде тиісті мекеме төмен баға беретін көрінеді. Ал, жобаға жауапты мамандардың жауабы біреу. «Заңнан асып кете алмайды. Жөн-ақ. Мемлекеттің әрбір тиынының сұрауы бар. Несиенің өтеуі тағы бар. Алынған несие тек мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Пайызы төмен несиені алып, оңды солды жарата алмайсың. Өзіңді жұмыспен қамтисың. Мұқтаждығыңнан арыласың. Жобаның басты мақсаты да осы. Шаруаң дөңгеленсе игілігін ел көреді».

Айта кетерлігі, Республикалық «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына ауданға қарасты төрт ауыл округі енгізілген. Аталған төрт ауылдық округтен 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жалпы құны 349,8 млн теңгені құрайтын 67 жоба мақұлданды. Қазірдің өзінде 111 млн.теңгені құрайтын 21 жоба қаржыландырылды.

Ескі Иқан ауыл округі қанатқақты жобаға енгізілген төрттіктің бірі. Ауыл округ бойынша екі кооператив мемлекеттік қолдауға тиесілі жобаға қатысуда. Оның ішінде «Иқан Агро-2» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі отбасылық сүт фермасын ашуға ниетті. Ал, «SAMRUQ 2023» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі отбасылық мал бордақылау алаңдарын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек несие алуға жеті жобаның құжаттары өткізіліп, «Ырыс» несие қаржы ұйымынан 41 млн теңгені құрайтын несие алуға мақұлданды. Ауылдық округ бойынша 21 жоба толық дайындалып, «Ырыс» МҚҰ-на өткізуге дайын тұр.

— Ескі Иқанның мал шаруашылығын дамытуда болашағы зор. Аудандағы серпінді дамып келе жатқан әлеуеті жоғары ауыл. Халқы еңбекқор. Соған байланысты Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Сіздермен әр кездесуімде түрлі мәселені талқыладық. Бірқатары орындалды. Оған өздеріңіз куәсіздер. Біз әр ауылды жаңарту арқылы Сауран ауданын гүлдендіреміз. Оған сіздер де елдің жанашыр азаматы ретінде атсалысуларыңыз қажет. Мемлекет тарапынан жасалынған әрбір мүлікке тиянақты, жанашырлықпен қарауға шақырамын. Ауылдың тұрғындары сіздер. Демек, ауылдың таза болуы сіздерге байланысты. Тазалық айларында ауылды абаттандыруға атсалысқан әрбір тұрғынға алғыс білдіремін. Туған елге деген сүйіспеншілік қарашаңырақтың табалдырығынан басталады. Оған бәріміз жауаптымыз, — деп сөзін аяқтады Ғалымжан Қарабайұлы.

Аудан әкімі жиын барысында тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға шақырды. Шаруалардың берекесін тасытуға бағытталған Ұлттық бағдарлама сүттей ұйыған ынтымақты ауылдың еңсесін тіктеуге тиімді-ақ. Бейнеткеш болғанымен іс-қағаздары мен құқықтық құжаттарға, бизнес жоспарлар жасауға икемі аздау ауыл тұрғындарына осы саланың мамандары барынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Тек тәуекел етіп, белді бекем байлап кіріссе болғаны.