ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ -ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ
Мамандардың айтуына қарағанда, Нұртас ауылының жастары ондаған жылдардан бері Ресейдің Сібіріндегі «Росгазпром» нысанында жұмыстанып, туған жеріндегі ата-анасының, туған туыстарының жағдайын көтеруге қаржыларын бөліп жатыр екен. Алайда, жастардың ішінде Сібірдің қара суығынан созылмалы өкпе ауруына ұшырағандары жиі кездеседі. Осыған орай, қолынан іс келетін жастарды туған жерді түлетуге шақыру, кәсіпкерлікке баулу, ынталандыру – ол жергілікті биліктің міндетінің бір парасы. Сондықтан аудан әкімі әрбір ауылдағы жиын барысында тұрғындарды әсіресе жастарды «Ауыл аманаты» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасына белсенді түрде қатысуға шақырып келеді.
Сонымен қатар әкімнің есеп беруіне жиналған қауымның алдында «Ауыл аманаты» жобасының алтыншы бағыты, тұрғындардың өз кәсібін ашу үшін Түркістан облысының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық жұмысшы топ арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Жұмысшы топтың құрамында Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбаев, ауданның кәсіпкерлік және туризм, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары 35-ке дейінгі жастарға барынша қолайлы мүмкіндіктер ашылғанын түсіндіруде.
Қазіргі таңда Сауран ауданы бойынша Республикалық «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына ауданға қарасты төрт ауыл округі енгізілген. Аталған төрт ауылдық округтен жеті ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жалпы құны 349,8 млн теңгені құрайтын 67 жоба мақұлданған. Оның ішінде 111,0 млн.теңгені құрайтын 21 жоба қазірдің өзінде қаржыландырылды. Елдің алдымен қимылдаған Ескі Иқандық кәсіпкерлердің ісі басқаларға үлгі ретінде айтылуда. Ескі Иқан ауыл округі қанатқаты жобаға енгізілген төрттіктің бірі. Ауыл округ бойынша екі ірі кооператив қанатқақты жобаға қатысуда. Иқан Агро-2 ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі отбасылық сүт фермасын ашуға ниетті болса, «SAMRUQ 2023» АШӨК отбасылық мал бордақылау алаңдарын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек несие алуға жеті жобаның құжаттары өткізіліп, «Ырыс» несие қаржы ұйымынан 41 млн теңгені құрайтын несие алуға мақұлданды. Ауылдық округ бойынша 21 жоба толық дайындалып, «Ырыс» микро қаржылық ұйымына өткізілді.
— Құрметті, тұрғындар! Билік пен қарапайым тұрғындар арасындағы ашықтықты нығайту үшін мен бүгін сіздермен далада емен жарқын диалог құруды жөн деп санадым. Сіздердің көтерген әрбір мәселелеріңіз менің жіті назарымда. Кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Атқарған жұмысымыздан бөлек, әр ауыл округіне түзген жоспарымыз да көп. Жоспарымызды өз мәресіне жеткізетін болсақ сіз бен біз үшін үлкен жеңіс!
Мен және әкімдіктегі жауапты сала басшылары сіздердің өтініштеріңізді кез келген уақытта тыңдауға әзір. Сын айтылсын. Мен құптаймын. Бірақ сын шын болсын. Сыннан қорытынды шығаруға біз әзірміз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жүйелі жұмыстар атқарамыз, — деп аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы он екінші кездесуін осылай қорытындылады.
Жыл аяғына дейін тағы екі тоқсан бар. Ол жылу беру маусымы мен жыл қорытындысын жасайтын нағыз сынақ. Ол кезде шаруалар астығын қамбасына құйып, қысқы соғымын қамдап, етек- жеңін жинап, келер жылдың жоспарын жасауға кірісер шақ. Ол да оңай болмасы анық.
PS: «Балапанды күзде санайтын» Сауран ауданының зиялы қауым өкілдері, диқандар қауымы он екі ауылдық округтегі 36 елді мекенді дамыту, абаттандыру мүддесін көздеген бас қосуларға тұрғындар белсенді түрде қатысып, биліктің қате кеткен тұстарын дөп басып, тезге салып отырды. Дегенмен, кей елді мекендердегі ондаған жиындарға қатысып, қатысып қана қоймай, көсемсіп, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермегендердің де аптығы басыла бастады. Себебі, барлық ауылдарға салынған жаңа ғимараттар мен оқтай түзу асфальттар, самаладай жарқыраған көше шамдары, балаларға арналған ойын алаңдары, егде кісілердің демалатын саябақтары сән түзеді. «Жайлы мектеп» жобалары басталды. Аудан әкімі Шорнақтағы кездесуінде барлық алыс елді мекендерге қоғамдық көлік қатынайтындығын жариялады.
Сауран ауданының орталығы Шорнақта 400 миллион теңгеге ешбір аудан орталығында жоқ әмбебап Оқушылар Сарайы бой көтеретіндігін сүйіншіледі. «Оқушылар Сарайының сан- салалы үйірмелеріне қатысқан түлектер ертең халықаралық олимпиадаларда өнерде де, спортта да, интеллектуальдық ойындарда да ауданымыздың намысын қорғайтын болады. Ұрпақтарымызды сондай биіктерден көрінуге тәрбиелейік. Елдің де, оған қызмет еткен биліктің де мақсаты осы», — деген Ғалымжан Қарабайұлының қорытынды сөзін жиынға қатысқандар құлақтарына құйып алды.
Бұл міне, «Жүйелі сөз жүйесін табады. Жүйесіз сөз иесін табады» деген ғибратты мәтелдің ақиқаты. Бүгінгі асу — ертеңгі тарих. Аудан әкімі он екі ауылды аралап, тарихтың он екі бетіне түсетін тарихи шешімдерді таңбалады. Уәдесін орындаса, тұрғындар таң қалады. Орындамаса, блогерлер қолдарына шамды алады. Қалай болғанда да «айтылған сөз атылған оқ» әкім жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Алда үшінші, төртінші тоқсанның есепті кездесулері көзді ашып-жұмғанша келіп те қалады. Оның сыртында қыркүйекке жоспарланған Президент Жолдауы билікке тың тапсырмалар жүктейтіндігі даусыз.
Ескендір ЕРТАЙ.