ШЫРАЙЛАНҒАН ШОРНАҚ

153

Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған әкімдердің халықпен тоқсан сайын кездесулері бастапқыда зал толы халықтың шаң-шұң айқай, дау-дамайымен басталатын. Уақыт өте келе атқарылған істерді күнделікті көріп, көздері үйренген тұрғындар ондаған кездесулерде әдеп сақтап, орындарынан тұрып, аты-жөндерін атап сұрақ қоюға көшіп, сабасына түскен сыңайлы. «Әкім болсаң, өзің үшін әкімсің» деп орнынан оталатындар басылды. Енді бірте-бірте жергілікті халық арасынан қоғам белсенділері, қауымдастық өкілдері, ақсақалдар алқасының төрағалары аудан әкімі мен сала басшыларымен ақылдасып, елді дамытудағы жөн-жобаларды өзара келісе отырып, жүзеге асыруға көшті.

Қазіргі таңда аудан әкімі төрт-бес мәселеге басымдық беріп отыр. Оның ішінде сапалы ауыз су, ағын сумен қамту, жарықтандыру жұмыстарын жаңғырту, сапалы жолдар салу, табиғи газбен қамту, елді мекендерді абаттандыру. Дегенмен, жергілікті тұрғындармен кездесулер барысында қай жобаларға басымдық беру мәселесі келісіп шешілуде. Бұл орайда аудан орталығы деп Шорнаққа басымдық беріліп отырған жоқ.

Бірқатар өзекті мәселелер көтерілген есепті жиында алдымен аудан басшысы өңірде жасалынып жатқан ілкімді істерді баяндады. Қазіргі таңда Сауран ауданы аграрлы болып табылатындықтан ауыл шаруашылығы саласы экономиканың даму тегершігіне айналып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық саласында 15 млрд 709,5 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Аудан тұрғындарына электр энергиясы, газ бен су өндіру және бөлу мәселесі бойынша сала мамандары 1 млрд. 232,8 млн. теңгеге қызмет көрсеткен.

Аудандағы әкімдіктердің қызметінің бір көрсеткіші тартылған инвестиция көлемі бойынша бағаланады. Бұл мақсатта да саурандықтардың табысы қомақты. Есепті кезеңде аудан экономикасына 12 млрд. 668,7 млн. теңгенің инвестициясы бағытталған. Оның ішінде 8 млрд. 329,6 млн. теңге бюджеттік емес инвестициялар болып табылады.

Аудан құрылған бас аяғы екі жылда өңір танымастай өзгерді. Жаңадан салынған әкімшілік-іскерлік орталығына мемлекеттік мекемелер біртіндеп көше бастады. Көшті аудан әкімдігі бастады. Елордасы және киелі шаһар Түркістан секілді Сауран ауданының орталығы да көне және жаңа қала деп бөлініп келе жатқандығы байқалады. Алайда, талап бәріне бірдей.

-Бұл абаттандыру жұмыстарының барлығы сіздер және балаларыңыз үшін жасалып жатыр. Аудан орталығы деп Шорнаққа басымдық беріп отырған жоқпыз. Біраз елді мекендерде осындай балалардың ойын алаңдары воркауттар орнатқан едік. Үлкендерге арналған саябақтар жасадық. Солар иесіздік салдарынан сынып, егілген ағаштар қурап, газондары жыртылып жатыр. Мұны сырттан келіп ешкім жасамайды. Сол жердегі тұрғындар жасайды. Сондықтан араларыңыздан бір белсендіні шығарып, бас-көз болсаңыздаршы. Егер қажет болса, жергілікті әкімдікпен бірлесіп қоғамдық негізде жалақысын төлеуге де келісейік,-дейді аудан әкімі.

Аудандағы ең өзекті мәселе сапалы ауыз суға қол жеткізу болып табылады. Ғалымжан Қарабайұлының айтуынша, 2009-2019 жылдары 31 елді мекенге Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Соның ішінде 32-жол айырығы, Қаратөбе, Егізқара елді мекендері ауыз сумен қамтылмай қалған. Аталған елді мекендердегі тұрғын үйлер бір-бірінен алыс орналасқан және ауылдық округ орталығынан халқы мал шаруашылығымен айналысу мақсатында шалғайда орналасқан елді мекендер. Елді мекендердің тұрғын үй саны және халық санының жеткіліксіз болып, «экономикалық жағынан тиімсіз» деп саналып, ауыз су құбыры жүргізілмеген. Бұл елді мекендерге кешенді блок модуль орнату жоспарлануда. Сауран ауданына қарасты, Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы сметалық құжаттаманы түзету» нысанына 2023 жылдың қаржыландыру жоспарына енгізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады. Бүгінгі таңда 31 елді мекеннің ауыз су тарату орталықтарындағы тозығы жеткен құрылғыларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көздеріне қарай кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Аудан орталығы Шорнақ ауылындағы атқарылып жатқан жаңа жобалар көз қуантарлық. Қазіргі таңда Қосмезгіл мен Шорнақ елді мекенін сапалы ауыз сумен және тоқтаусыз электр қуатымен жабдықтау мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сараптаманың оң қорытындысы қыркүйек айының соңына дейін шығарылатын болады.

Сауран ауданынан өтетін Батыс Қытай-Батыс Еуропа халықаралық магистралы бойын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Шорнақ елді мекені әкімшілік іскерлік орталығының аумағынан әсем саябақ бой көтереді. Басқа да ағымдағы мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.