ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ – ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ

180

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – жергілікті биліктің алдында тұрған ең маңызды міндет екенін айтқан болатын. Президент, әсіресе, ірі қалалардағы орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандар мен елді мекендердің жағдайына баса назар аударып, ондағы инженерлік-коммуникациялар мен инфрақұрылымға қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп отыр.

Самал-3-те жол құрылысы қарқынды

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданына арнайы барып, тұрғындардың хал-жағдайымен және атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Айта кетейік, Самал-3 шағын ауданында бүгінде 27 мыңнан аса адам өмір сүріп жатыр. Соңғы жылдары атқарылған жүйлі жұмыстың арқасында мұндағы тұрғындар ауыз су, электр жарығы, табиғи газ және талшықты интернетпен 100 пайызға қамтылған. Халық ендігі жерде жолдардың сапасы жақсара түссе деген ойда.
Осыған орай, бүгінде бұл шағын ауданда жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Қала әкімі Тыңдала көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл нысанда 2,2 шақырым жолға асфальт жабындысы төселеді.
Жалпы биыл Самал-3 шағынауданында 25,2 шақырымды құрайтын 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Соның ішінде қазір Қазақ ордасы, Алмалы бақ және Мәңгілік ел көшелерінде жол құрылыс қарқынды түрде жүріп жатыр. 2025 жылға дейін осы шағынаудандағы Төлепбергенов, Алтынбастау, Ештай ата, Арайтаң, Әлменов, Ақтасты, Тәуекел хан көшелері орташа жөндеуден өтпек.

Сонымен қатар Мұрат Дүйсенбекұлы шағын ауданның А.Әбдраманов көшесінде жаңадан орнатылып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен де танысып шықты. Жалпы, бүгінде бір ғана Абай ауданының аумағындағы 14 балалар алаңшасы мен 3 спорт алаңы салынып жатыр екен. Қала әкімі жауапты қызметкерлерге аталған жұмыстың сапалы әрі уақтылы атқарылуын қадағалауды тапсырды.
М.Әйтенов Самал-3 шағын ауданын аралау кезінде анықталған өзекті мәселелер мен халықтың талап-тілегін талқылау мақсатында арнайы жиын өткізді.
Айта кетейік, бұл шағын ауданда жалпы ұзындығы 37,3 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі салынған. Нысан 4 мыңнан астам абонентті орталықтандырылған желіге қосуға мүмкіндік береді.
«Тұрғындардың көпшілігі жол салынып болған соң кәріз тартуға өтініш береді. Сондықтан, мен жол құрылысын инженерлік желілер толық тартылған соң бастауды ескерттім. Бұл ретте абоненттерді қолайлы бағада канализациялық желіге қосуды ұсыну қажет. Жауын-шашында су басу қаупі туындамас үшін ирригациялық жүйелердің де талапқа сай жүргізілуін бақылаңыздар» – деді қала әкімі.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға тұрғындар арасында кәріз жүйесінің тиімділігін түсіндіре отырып, халыққа қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 10 нысанның құрылыс жұмыстарына тиісті қаражат қаралған. Жыл қорытындысымен 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас-Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық шағынауадандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент канализация жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.